
Фабрика «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан, жылына 5 млн шаршы метрге дейін кілем өнімдерін шығарады.
Компания басшысы Талғат Ысхақов Ұлттық палата төрағасына фабриканың жұмысын баяндап, өндірістегі жаңалықтармен бөлісті. Р.Баталов кілем дизайны қалай таңдалатынын, шикізат қалай әзірленетінін және дайын өнімді жөнелтуге дейінгі өндіріс тізбектерін тамашалады.
Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП төрағасы «Бал Текстиль» фабрикасында «KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Диаз Дияновпен, сондай-ақ «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» компаниясының басшылығымен кездесті. Жиында «Бал Текстиль» компаниясының үлгісінде қазақстандық қамтуды арттыру мәселелері талқыланды. Мәселен «Бал Текстиль» тұтынатын полипропилен шикізатын жүз пайыз фабриканың өзі шығарады. Осы секілді кәсіпрындар тауар шығаруда отандық шикізатқа көбірек иек артқан жөн деген пікір білдірді палата төрағасы. Бұл біріншіден отандық өндірісті шетелдік шикізатқа тәуелділіктен арылтса, екіншіден кәсіпкерлік саласының дамуына серпін береді. Ірі кәсіпорын жанынан қосымша өндірістер ашылу арқылы жаңа жұмыс орындары пайда болады. Бұл өз кезегінде елдің әлеуметтік мәселесін шешуге оң септігін тигізеді. Ал отандық өнім неғұрлым Қазақстанның шикізатымен, технологиясымен жасалған сайын соғұрлым ұлттық экономика алға қарыштап дамиды. Р.Баталов кездесуде осындай пікір білдірді.
Айта кету керек, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмысының негізгі бағыты – бизнесті сұранысқа сай сала-сала бойынша дамытуды қарастырады. Сондай-ақ, шикізат шығарушылар мен дайын өнім өндірушілердің арасындағы серіктестік байланысты қамтамасыз етуді көздейді.
«Бал Текстиль» бүгінгі таңда еліміздегі отандық ірі тауар өндіруші болып табылады. Осы секілді өңірлердегі компанияларға «Бәйтерек», «Даму» қорлары арқылы қолдау көрсетіп, жеңілдетілген несие беруді қарастыру керек. Сонымен қатар, қазақстандық компаниялар арасында оффтейк келісімшарттар түзудің де маңызы зор. Бұл келісімшарттың мақсаты шығарылатын тауарды сатып алатын тұтынушылармен алдын ала келісімдер жасасу. Біз бірлесіп отандық бизнесті, жергілікті өндірісті арттыруға күш салатын боламыз» деді «Атамекен» ҰКП төрағасы Р.Баталов.
Жалпы «Бал Текстиль» – кілемдер мен кілем өнімдерін шығаратын тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы фабрика. Ол сонымен бірге, бүгінгі таңда Орталық Азиядағы ең ірі кілем фабрикаларының біріне кіреді. Құрылған мерзімі 2012 жыл. Компания өнімдері ТМД елдері былай тұрсын, Еуропа нарығында да үлкен сұранысқа ие. Әлемдік сауда желісі IKEA бір кездері отандық кілемді дүние жүзі нарығына саудалаған.
ШЫМКЕНТ