Саясат • 15 Мамыр, 2025

Парламентаралық байланыс жанданады

140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Астанаға ресми сапармен келген Армения Республикасы Ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонянмен кездесті.

Парламентаралық байланыс жанданады

Мәртебелі мейманды қарсы алған Е.Қошанов біздің еліміз үшін Арменияның Оңтүстік Кавказ аймағындағы маңызды әріптес екенін атап өтті. Мәжіліс спикері еліміз Армения басшылығы жүзеге асырып жатқан ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды үлкен қызығушылықпен бақылап отырғанын айтты.

– Былтыр Қазақстан мен Армения арасындағы достық және ын­ты­мақтастық туралы шарт­тың 25 жылдығын атап өттік. Бұл мерей­тойға орай мемлекет басшы­лары­ның ресми сапарлар алмасуы­ның символдық мәні зор. Бұл екі маңызды оқиға жаңа геосаяси жағдайлар­дағы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастыққа қуатты қарқын берді. Онда әріптестігіміздің барлық саласын қамтитын бірқатар келісімге қол қойылды, – деді Е.Қошанов.

Кездесу барысында Парламент спикерлері жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді заңнамалық тұрғыдан рәсімдеу және жаңа экономикалық әрі мәдени жобаларды қолдау мәселелерін талқылады. Мәжіліс төрағасы армян әріптесін елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен заң шығару жұмысы жайында хабардар етті. Әңгіме барысында тараптар Қазақстанда қабылданған әлеуметтік әділдік, заң үстемдігі мен тәртіпті нығайтуға бағытталған заңдардың Армения үшін қызығушылық тудыратынын атап өтті. Осы орайда депутаттар бейінді комитеттер арқылы тәжірибе алмасуға келісті.

Өз кезегінде Ален Симонян парламенттер арасындағы қарым-қатынасты жандандыру қажеттігіне назар аударды.

– Парламентаралық байла­ныс­тың дамуы өзара түсіністікті терең­детуге, сенімді нығайтуға, сондай-ақ екіжақты келісімдерді тиімді жүзеге асыруға септігін тигізеді. Биыл сәуір айында өткен Қазақстанның мә­де­ниеті күн­дері Армения үшін мәдени-гума­ни­тарлық саладағы маңызды оқиғаға айналды. Сонымен қатар Армения тарапы Қазақстан би­лігі мен халқының армян диас­по­расы­на деген көзқарасын жоғары баға­­лайды. Ол – елдеріміз бен халық­тары­мыз арасындағы маңызды дәне­кер, – деді Ұлттық жиналыс төрағасы.

Сонымен қатар тараптар эко­номика, логистика, мәдени-гу­манитарлық саладағы ынтымақтас­тықтың кең ауқымды мәселелерін де талқылады.