
Құрылысы өткен ғасырдың отызыншы жылдары басталған зауыт соғыс басталған тұста өндірісті ұлғайтып қорғасын балқытудан рекордтық көрсеткіштерге жетті. Қазақстанда бүкіл қорғасын өндірісінің 90%, КСРО бойынша 70% осы Шымкент қорғасын зауытына тиесілі болды. Сондықтан соғыс жылдарында атылған әрбір он оқтың жетеуі осы металлургиялық комбинаттың өнімінен жасалды. Сол себепті Шымкент қорғасын зауыты тек мегаполистің ғана емес, күллі Қазақстанның мақтанышы болып қала бермек.
Жалпы өндіріс орнының тарихына қысқаша үңілсек, зауыт сонау 1930 жылдары КСРО аумағында жүргізілген индустрияландыру саясатының нәтижесінде пайда болғанын көреміз. Кәсіпорынның шежіресі туралы мәлімет іздестіргенімізде мынадай деректер көзімізге шалынды.
Негізінде қорғасын зауытының құрылысы Қаратау етегіндегі Ащысай кен орнын игеруге байланысты жүргізілді. КСРО заманында экономиканы бесжылдықтарға бөліп дамыту кеңінен қолданылды. Осыған орай бірінші бесжылдықта бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа зауыт-фабрикалар құрылысы өте екпінді түрде салынды. Ал қорғасын зауытын тұрғызуға өкімет бел шеше кірісті. Ол үшін бүкіл күшті жұмсап республика мен КСРО-ның түкпір-түкпірінен жұмысшылар мен мамандарды жұмылдырды. Табанды еңбек нәтижесінде 1934 жылы қаңтарда зауыттың алғашқы кезеңі іске қосылды. Сол кездің өзінде-ақ оның өндірістік қуаты бүкіл еліміздегі қорғасын зауыттарының дәрежесінен асып түсті. Тарихи оқулықта көрсетілгендей 1914 жылы күллі патшалық Ресей өндірген қорғасыннан өнімді 43 есе артық берді. 1935 жылы кәсіпорында стахановшылар қозғалысы кең өріс алды. Бұл қозғалыс кәсіпорындарда жұмысшыларды жігерлендіруші күшке айналды. ««Бесжылдықты төрт жылда орындайық!» деген ұран әр адамның жүрегінде әбден ұялап, оларды қанағаттандыра түсті. Социалистік жарыстың жаңа формасы – жаңашылдар қозғалысы қанат жайды» делінген зауыт шежіресі жайында жазылған тарихи оқулықта. Зауыт іске қосылған соң оның өндірістік қуатын арттыру жылдан-жылға ұлғая берді. Мәселен 1936 жылы Ащысай кенішіндегі кен игеру алдыңғы жылмен салыстырғанда 1.5 есеге, қорғасын зауытында өнім шығару 2 есеге артқан. Ал 1938 жылы кәсіпорын жоспардан тыс 5.5 миллион сомның өнімін өндіріп, еліміздегі түсті металлургия зауыттарының арасында бірінші болып метал қорыту жөніндегі жоспарды асыра орындайды. 1939 жылы жанқиярлық еңбектің нәтижесінде шымкенттік металлургшілер бүкіл одақта өндірілетін қорғасынның 60%-дан астамын беруге қол жеткізді. Социалистік жарыс пен стахановшылар қозғалысын барынша өрістетіп, еңбекте жеткен ерен табыстары үшін Ленин ордені табысталды. Бұл сол кезде кәсіпорындар мен ұйымдарға берілетін мемлекеттің ең жоғарғы марапаты еді.
Соғыс басталған жылы зауыт өндірісін майдан даласында оқ-дәріге қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге бейімдеді. Сөйтіп 1941 жылдың соңына қарай орташа айлық еңбек өнімділігі алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 20% жуық артты. Зауыт бірнеше жаңа өнім түрлерін шығаруды игерді. Олардың қатарында висмут, баббит, метал сурмасы, қорғасын мен қорғасын прокаты, басқа да өнімдер бар. Соғыстың алғашқы кезеңінде жау қолында қалдырмау мақсатында КСРО-ның батыс өңірлерінен көптеген зауыт-фабрикалар елімізге көшірілді. Солардың ішінде 1941 жылдың аяғында Воронеж зауытының ұсталық-пресс машина жасау жабдықтары эвакуацияланып, Шымкент қорғасын зауытының механикалық цех аумағына орналастырылды. Кәсіпорын жанынан Подольск қорғасын-прокат зауыты да жайғасты. Содан өндіріс көлемі ұлғайып қосымша қорғасын құбырлары, илем, прокат шығарылды.
«Шымкент майданға, елге өндірістік ауқымда қорғасын, снаряд, көмір, мақта, астық, ет, дәрі-дәрмек, киім-кешек, елтірі, сабын, май, көкөніс, жеміс-жидек жеткізіп отырды. Бұл Жеңіс арсеналына қосқан үлкен үлес болды» деп жазылады тарихи деректердің бірінде. Бұл жерде Шымкент деп сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы ретінде айтылып отыр. Соғыстан кейінгі жылдарда да кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп, талай жұмыскерлердің еңбек орнына айналды. Майдан даласынан оралған сарбаздар қаруын тастап осы зауытта жаңа еңбек майданын бастады. Шымкенттік ҰОС ардагерлерінің көпшілігі жас кезінде қорғасын зауытында істеген қарапайым жұмысшы, мамандар еді. Зауыт қалақұраушы кәсіпорын есебінде талай жыл шаһар тұрғындарының жұмыс пен қалаға пайда әкелген табыс көзі болып келді.
Қазіргі таңда зауыт жұмысы тоқтап, бүкіл одаққа дүркіреген кәсіпорын бар екенін еске салатын үйілген қорғасын қалдықтары ғана қалды. Зауыт аумағы жеке инвесторға беріліп, ол жерден жеке меншік индустриалды аймақ бой көтерді. Инвестор бүгінгі таңда арнайы кәсіпорын ашып, қорғасын қалдықтарын терең өңдеуді қолға алған. Зауыт жабылып бұрынғы орнынан ешнәрсе қалмаса да жеңісті жақындатқан даңқты кәсіпорын ретінде халықтың есінде мәңгі сақталары хақ. Біз айтпақ болған Шымкент қорғасын зауытының қысқаша тарихы осындай.
Шымкент