Өнер • 16 Мамыр, 2025

Сахнаны сиқырға бөлеген «Салтанат»

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Салтанат» мем­ле­кеттік би ансамблінің құрылғанына – 70 жыл. Осы айтулы күн­нің құр­метіне орай Ғ.Мү­сірепов атындағы Қа­зақ мемлекеттік акаде­миялық балалар мен жас­өспірімдер театрын­да мемлекеттік би ансамблі­нің мерекелік есеп бе­ру концерті өтті.

Сахнаны сиқырға бөлеген «Салтанат»

Кештің шымылдығы «Сал­танат» мем­лекеттік би ансамблі­нің іргетасын қалаған балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі Зәуірбек Рай­баевтың «Биші қайың» биімен ашылды.

Сахнаны сиқырға бөлеп, қазақ биінің алтын қазынасына айналған танымал ұлттық билермен қатар, орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік, моңғол халқының билері түрлі аспаптың сүйе­мелдеуімен көптің назарына ұсынылды. Кәсіби шеберліктің биік үлгісімен орындалған әр биден алуан түрлі ұлт пен ұлыстың мі­не­зі танылып, мәдениетінің кө­рінісі айшықталды. Көрер­мен­­дер адамзат тарихымен бірге өрілген би өнерінің тілсіз құдіретін терең сезініп, қарапайым әрі күрделі қимыл-қозғалыс өрнегінен ізгілік пен достықтың сырын ұқты.

Репертуарында 150-ден аса би қойылымын қамтып, талай талантты қанат қақтырған іргелі ұжым биыл 70 жылдық мерейтойын республика аума­ғында кең көлемде атап өтеді. Би өнерінің мәдени мұра ретіндегі тарихи маңызын тү­сініп, іргетасын берік қа­лыптастыруға күш салған аға буынның аманатына кейінгі толқын жас ұрпақ адалдық танытып, жаңа кезеңге сай соны сүрлеу салып, тың бағыт-бағдар тауып отырғанына осы концерт дәлел.

Халықаралық би күніне орайлас өткен іс-шараның екін­ші күні Ұлттық кітапханада «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің фотокөрмесі ашылды. Қазақтың қасиетті қазынасын қимыл құдіретімен халық назарына ұсынып жүрген би өнерінің ардагерлері мен майталмандары шақырылған шараға би ансамблінің 1955 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі сахнаны қызылды-жасылды шуаққа шомылдырған 50-ден аса тарихи фотосуреті мен бас­па беттерінде жа­рияланған мақалалар топтамасы ұсы­нылды. Шара Жиенқұлова табанының ізі қалған өнер ордасының әр кезеңде жеткен жетістіктері және алғыс хаттарымен көркемделген көрмені бекзат өнердің барлық жанашырлары тамашалады. Сыр шерткен суреттер шежіресінің лентасын Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, би ардагері Нұрлыбек Әлдибеков, Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы және «Сал­­танат» мемлекеттік би ансамблінің директоры Елубай Кен­жалиев қиды.

 

АЛМАТЫ