Қоғам • 17 Мамыр, 2025

Бағзыдан жеткен Бозоқ сарыны

140 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халықаралық музей күніне орай «Бозоқ» ар­хеологиялық паркі аума­ғында «Бозоққа түнгі сая­хат: Алау ая­сын­да­ғы аңыздар» атты этно­графиялық фестиваль өтті.

Бағзыдан жеткен Бозоқ сарыны

«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сауле Бөкейханқызы: «Бұл іс-шара – Президент ұсын­­­ған тарихи-мәдени мұ­раны қазіргі заман талаптарына сай қайта пайымдауға бағыт­талған стратегиялық жоба. Хал­қымыздың тарихи танымы мен өткен ғасырлардағы мә­дени құндылықтарын жас ұрпақ бойы­на сіңіре білуіміз қажет. Сон­дықтан фестиваль тек мәдени алмасу алаңы емес, ұлы дала мұрасын сақтау мен терең пайымдауға бағытталған ортақ ниетте тоғысқан мәдени өріс», деді.

«Бозоқ» ұлттық паркін құру» жобасының ғылыми кеңесшісі, Мәжіліс депутаты, тарих ғы­лым­да­рының докторы, профессор Еркін Әбіл қоныстың Оңтүс­тік кіру порталындағы бас­ты ло­кация дала өркениетінің мың­жыл­дықтарға жалғасқан тарихи сабақтастығы екеніне және бұл Астана тарихының тамырын түсіндіретінін айтты.

о

Расында, бұл аумақта ерте түркі кезеңіндегі қаған ордаларынан бастап, орта ғасырдың соңындағы қазақ қыстауларына дейінгі мәдени мұраның ізі жат­қаны анық. Алғаш 1999 жылы зерттеу жүргізген танымал архео­лог Кемел Ақышев: «Бұл қоныс VII–IX ғасырлардан XVI–XVII ғасырларға дейінгі аралықта, ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен сау­дасын бақылайтын қыпшақтар қонысы болды», деген пайым жасады. Археологиялық зерттеулер бойын­ша, қала керуен жолдары түйісінде маңызды рөл атқарған. Егіншілік, балық аулау және керуен саудасын басқарумен айналысатын бірден-бір орын. Бұған қазба кезінде табылған стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстар қал­дығы, тұрмыс­тық заттар, қару-жарақ, зергер­лік бұ­йым­дар, монеталар және т.б. ар­тефактілер дәлел.

Кешкілік басталған фестиваль концерттік бағдарламаға ұласты. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісі Құмарбек Қалқатай биыл туғанына 180 жыл толып отырған Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнімен ашып берді. Өзге де әншілер Мұхит Мерәлінің, Біржан  салдың және халық әндерін орындады. Әсіресе сонау ғасырлар қойнауынан келе жатқан көшпелілердің «отпен аластау» дәстүрі көңілдегідей өтті.

р

Бұл рәсімді атқарған  «Бозоқ» музей-қорығының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Зубайда Қабиқызы: «Қазақ дүниетанымында «от» ұғымының  астарында «отан», «отбасы», «отағасы», т.б. атаулар жатқаны анық. Отпен аластаған шаңырақ, ошақ, ұрпақ пәле-жаладан арылады деп түсінген. Бұрынғы заманда отпен алас­тау жайлауға көшу кезінде орындалған. Көшпелілер жаңа қонысқа жеткенде екі от жағып, арасынан малды өткізген екен. Бұл амал – малды көз тиюден, ауру-сырқаудан, жамандықтан сақтайды деп сенген», деді.

Расында, қазақ отты қадір­леген. Ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов: «Қазақтар отқа ерекше құрметпен қарайды, оған түкірмейді, қоқыс тастамайды. Отты немесе оның күлін басуға болмайды. Адамгершіліктен ада, өтірікші, бейбастақ адамды «отсыз» дейді», деп атап өткен.

Фестивальдың тағы бір маңызды тұсы – «Аңыз түні». Бұл шара аясында кешкі салқында бастары тоғысқан тарихшы-археологтер Бозоқ қалашығының тарихи маңызы мен Ұлы дала өркениетіндегі феномендік рөлі туралы  ой-пікірлерімен бөлісті. Келелі кеңеске аға буын ғалымдармен қатар жастар да қатысты.

н

«Мұндай сұхбаттасу ауызша тарихты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу дәстүрін жалғастырған маңызды рухани жиын болды. Ал бүгінгі түнгі саяхат мәдени оқиға ретінде ғана емес, этнографиялық реконструкция мен музейлік педагогиканың тоғысқан тарихи кеңістігі ретінде көрініс тапты. Бұл іс-шара тарихи-мәдени мұра нысандарын насихаттау арқылы ұлттық болмыс­ты қалыптастырудың жолын ай­қын­дайды. Сонымен қатар фес­тиваль өткенді болашақпен сабақтастырудың алғашқы шарт­тарын ашып берді», деді танымал археолог, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы К.Ақышев атындағы археология ҒЗИ директоры Марал Хабдулина ханым.

* * *

Жұртшылық назарын аудар­ған түнгі алау тойына елмен бірге белгілі суретші, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Кәміл Муллашев, танымал кескіндемеші Өмірәлі Исмаи­лов қатысып, қылқалам шебері ретінде фестиваль барысын көпшілікпен бірге тамашалады.

Жиналған халықтың ерекше қызығушылығын тудырған – «Інжу» атты әйел бейнесі. Бұл жәдігер 2002 жылы ақсүйектер қорымына жүргізілген қазба кезінде табылыпты. «Інжу – шамамен XIII–XIV ғасырда өмір сүрген моңғол әйелі. Жібектен тігілген көйлек, мойнында моншақтар, құлағында күміс сырғасы бар. Арыстанның басы бейнеленген екі күміс білезікті Еділ бойындағы шеберлер жасағанын білдіреді. Әйел басына сәукеле тәрізді «боктаг» киген. Мұны кез келген әйел кие бермеген. Еңбегі сіңген моңғол элитасына қабылданған әйелдерге тиесілі. Баскиімі Каури қабыр­шақтарымен әсемделген. Бұл қабыршақтардың Үндістан аумағынан келетінін ескерсек, сол замандағы сауда-саттық қатынасы қалай дамығанын көре аламыз. Бұған қоса қола айна, қабыршақтан жасалған моншақ табылды. Жерлеу салтанаты, қанжар мен найза­ның болуы оның жа­уынгер екенін көрсетеді», дейді музей қызметкерлері.

Бірнеше жылдың алдында Мәскеудегі РҒА Антропология және этнология институтының Антропологиялық реконструкция зертханасы Інжудің бассүйегіне негіздей отырып, жалпы бейнесін қалпына келтірген. Мамандардың негіздеуінше, әйел 50 жас  шамасында көрінеді.