Аймақтар • Бүгін, 15:51

Оралда тіл оқыту орталығы ашылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы «Достық үйінде» Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Тілдерді оқыту мен дамыту оқу-әдістемелік орталығы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда тіл оқыту орталығы ашылды

Фото: qazaly.kz

Жаңа орталық әртүрлі жастағы азаматтарға мемлекеттік тілді және басқа да шет тілдерін меңгерту, тілдік дағдыларды жетілдіруге жағдай жасап, тіл мәдениетін дамытады және тіл саясатын жүзеге асырады.

«Орталықтың негізгі мақсаты - мемлекеттік тілді оқыту және насихаттау, сондай-ақ ағылшын, орыс және басқа да тілдерді жұртшылықтың меңгеруіне жағдай жасау. «Жаңа мекеме заманауи әдістемелер мен оқыту технологияларын енгізіп, тіл үйренушілерге арналған семинарлар, тренингтер мен ашық сабақтар ұйымдастырады», дейді Орал Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл секторының меңгерушісі Роза Оңғарбайқызы.

Жаңа орталыққа «Достық» үйінен оқу залымен қоса үш бөлме берілген. Бөлменің бірі мемлекеттік тілді оқушыларға, ал бірі ағылшын тілін оқушыларға арналып жабдықталған. Жалпы орталық ұжымында 11 адам қызмет етеді.

«Атамекен» өнер ордасында өткен «Тіл заңнамасы: мүмкіндіктер, бастамалар және мәселелер» атты республикалық семинар-кеңесте де мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі нығайту мәселелері сөз болды. Жиынға қатысқан Бас прокуратура, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан, облыс басшылығы, сондай-ақ өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалардағы тілдерді дамыту басқармаларының мамандары, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасты.

Айта кетейік, бүгінде Батыс Қазақстан облысында балабақшалардың 85%-ы, орта мектептердің 70%-ы мемлекеттік тілде білім береді. 2024-2025 оқу жылында бірінші сынып оқушыларының 78%-ы қазақ тілін таңдаған. 2024 жылы өңірде 700 адам мемлекеттік тіл курсынан өткен, соның 40 пайызы – өзге ұлт өкілдері екен.