
Суретті түсірген – Олжас Құрмашев
Тағылымы терең іс-шараны облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдауымен «Мейірім» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Мұндағы мақсат – өнер арқылы қоғамда инклюзивтік сананы қалыптастыру және ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың әлеуетін кеңінен таныту.
Көрмеге Қазақстанмен қатар Ресей, Түркия, Өзбекстан сынды шет мемлекеттерден келген қолөнер шеберлері қатысты. Қонақтар қолдан жасаған бірегей бұйымдарын тамашалап, өз таңдаулары бойынша сатып алды. Сондай-ақ шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасты. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар жасаған туындылар көпшіліктің назарын өзіне аударды. Мәселен, ұлттық нақыштағы кестелі бұйымдар, зергерлік әшекейлер, ағаштан жасалған мүсіндер мен тұрмыстық заттар көрерменді елең еткізді.
«Біз шығармашылықтың шекарасы жоқ екенін дәлелдегіміз келді. Мүгедектігі бар жандар тек көрермен ғана емес, мәдени диалогтің толыққанды қатысушылары бола алады. Бұл көрме бізге осыны айқын түрде көрсетуге жол ашты. Біздің мақсат – жай ғана көрме ұйымдастыру емес, шабыттандыратын, өзара түсіністік пен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын алаң құру», деді «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлвира Таубалдинова.
Оның айтуынша, қатысушылар іс-шара барысында жаңа серіктестер мен тұтынушылар тауып, болашақтағы жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
Бүгінде Жетісу жерінде инклюзияны ілгерілету бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Мұндай бастамалар әр азаматтың өзін қоғамның тең мүшесі ретінде сезінуіне, өз қабілетін дамытуға зор мүмкіндік береді.
Бұл көрме – ашық әрі толерантты қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Түрлі көзқарас пен мүмкіндіктегі адамдарды бір арнаға тоғыстырған осындай мәдени іс-шаралар ел бірлігінің, рухани тұтастығының айқын көрінісі.
Жетісу облысы