Табиғат • 22 Мамыр, 2025

Жер бетінен аралар жойылса не болады

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1992 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жануарлар мен өсімдіктер мәселелерін халыққа насихаттау үшін 22-мамырды биологиялық әралуандық күні деп жариялаған, деп жазады Egemen.kz.

Жер бетінен аралар жойылса не болады

Фото: ашық дереккөз

Ғалымдардың зерттеуі бойынша жер бетінде шамамен 8,7 миллион жануар мен өсімдік түрі бар. Алайда, олардың тек 1,4-1,8 миллионы ғана ғылыми тұрғыда зерттелген. Табиғатта бізге беймәлім миллиондаған жануар, өсімдік, саңырауқұлақ және микроб түрлері бар. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) мәліметінше, жыл сайын 10 000-нан астам жануар мен өсімдік түрі жойылып кетеді. Бұл жойылу қарқыны табиғи жойылу жылдамдығынан 1000 есе жоғары. Бұл үдерістің табиғат пен адамға тигізер зияны бар ма?

Жәндіктердің, әсіресе, аралардың жойылуы ауыл шаруашылығына үлкен қауіп төндіреді. Аралар әлемдегі азық-түлік дақылдарының 75%-ын тозаңдандырады. Олардың популяциясының азаюы азық-түлік өндірісіне және жаһандық экономикаға әсер етеді. Көптеген дәрілік заттар табиғи көздерден алынады. Биологиялық әртүрліліктің жойылуы болашақта жаңа дәрілерді шығару мүмкіндігін азайтады. Сондай-ақ, экожүйелердің бұзылуы ауру таратушы жәндіктердің санын арттырып, жұқпалы аурулардың таралу қаупін күшейтеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше биологиялық әртүрліліктің жойылуы жаһандық экономикаға жыл сайын шамамен 10 триллион АҚШ доллары көлемінде шығын әкеледі. Бұл шығындар ауыл шаруашылығындағы өнімділіктің төмендеуі мен денсаулық сақтау саласындағы шығындардың артуына әкеліп соғады.

GPS телеметриясы, спутниктік бақылау және жасанды интеллект сияқты заманауи технологиялар жануарлардың қозғалысын бақылауға, браконьерлікті анықтауға және экожүйелердің жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Мысалы, АҚШ-та тасбақалардың қозғалысын бақылау арқылы фермерлерге шабындықтарды шабуға кеңес беріліп, олардың популяциясын сақтап жатыр. Тағы бір мысал, 1980 жылдары Коста-Рика ормандарының 75%-ы кесіліп, биоалуантүрлілікке үлкен қауіп төнді. Мемлекет осы мәселені шешу үшін «Экожүйелік қызметтер үшін төлем» (PES) жүйесін енгізді. Бұл бағдарлама арқылы жер иелеріне орманды сақтап, қайта қалпына келтіруге ынталандыру ретінде қаржылай қолдау көрсетілді. Нәтижесінде қазір елдің 50%-дан астам аумағы орманмен қайта көмкерілген. Коста-Рика бүгінде өсімдіктерді сақтауды оң жолға қойған ең табысты елдердің бірі ретінде мойындалған.

Алина ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

ЕҰУ 2-курс студенті