
Биылғы қаңтар айында Павлодар қаласында тақта алдына шыққан оқушыны математика мұғалімі арқасынан үшкір затпен (бұрандалы шегемен) түйреп кеткені туралы оқиға әлеуметтік желі қолданушыларын шулатқан еді.
Бейнежазбадан байқағанымыздай, математика пәнінің мұғалімі тақтаға шығып, тапсырманы шешіп тұрған ер баланың артынан келіп, әлденемен түйреп өтеді. Оқушының ауырсынып қалғаны байқалады әрі оның алдында мұғалімнің шкафқа жақындап келіп, одан бұрандалы шегені (шуруп) босатып алғаны да камераға түсіп қалған.
Полиция қылмыстық іс қозғап, мектеп әкімшілігі аталған мұғаліммен еңбек шартын бұзып, жұмыстан шығарып жіберген еді.
Әлеуметтік желі қолданушылары мектеп басшылығының шешімі дұрыс емес деген байлам жасады. Ал мектеп ата-аналары ұстазды қолдау үшін қол жинамақ болды.
Ақыр-соңы педагог оқушының ата-анасынан кешірім сұрап, арада екі күн өткенде жұмысқа қайтадан алынды.
Арада үш жарым айдан астам уақыт өткенде полиция істің сотқа жетпей доғарылғанын мәлім етіп отыр.
- Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары аяқталып, іс тоқтатылды. Материалдар өндірісінде бұл істің құрамында қылмыстық заң бұзушылықтың жоқ екені анықталды. Кәмелетке толмаған ер балаға дене жарақатын келтірудің қандай да бір деректері анықталмағаны сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен, кәмелетке толмағанды куәландыруды жүргізген сарапшының жауап алу хаттамасымен және кабинеттен түсірілген бейнежазба арқылы расталды,-деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.