Туризм • Бүгін, 10:03

Алакөлге жету жеңілдеді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жазғы маусымда Алакөлге демалатындар үшін көлік қатынасы айтарлықтай жеңілдеді. Көлік министрлігінің мәліметінше, биыл демалыс орнына қосымша пойыз бағыттары мен әуе рейстері қосылады. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар автожолдар да саяхатшыларға сақадай сай.

Алакөлге жету жеңілдеді

 

Абай облысынан Алакөлге қалай жетуге болады?

Тізімнің басында теміржол тұр. Мәселен, Семей – Достық арасында №457/458 пойызы тақ күндері қатынайды. Сонымен қатар, Ақтоғай арқылы өтетін №6941/6942 пойызы күн сайын жүреді. Бұл бағыттар Абай өңірінің тұрғындары үшін ең тиімді жолдардың бірі саналады.

Ал автокөлікпен қатынағысы келетіндерге де жол ашық. Абай облысы арқылы Алакөлге жетудің ең қолайлы жолы – «Таскескен – Бақты» автожолымен Мақаншы ауылына дейін (133 км), одан әрі жаңартылған «Мақаншы – Жалаңашкөл» жолымен Алакөлдің солтүстік жағалауына жетуге болады. Бұл бағыттағы асфальт жаңартылған, жол сапасы да жақсы.

Бұған енді әуе қатынасы қосылды. SCAT әуе компаниясы 1 маусымнан бастап Үржарға субсидияланған рейстерді бастайды. Алматы мен Астана қалаларынан аптасына 6 рет ұшатын бұл рейстердің билет құны қолжетімді: Алматы – Үржар бағыты бойынша 14 мың теңге, Астана – Үржар бағытында 16 мың теңге. Үржардан көлге дейінгі қашықтық – небәрі 50 шақырым.

Жалпы жазғы маусымда Алакөлге пойызбен баруға 13 бағыт қарастырылған. Олардың тоғызы кезеңдік. Алматыдан – бес, Астанадан – үш, Павлодар, Қызылорда, Өскеменнен қатынайтын пойыздар бар. Ал автомобильмен баратындар үшін «Талдықорған – Өскемен» күре жолы – тағы бір балама жол. Жетісу жағынан Үшарал арқылы, одан кейін жаңартылған 180 шақырымдық «Үшарал – Достық» жолымен көлдің оңтүстік жағалауына жетуге болады.   

Абай облысы