Экология • Бүгін, 16:50

Каспий жағалауынан тағы жүзден астам өлі итбалық табылды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында Каспий жағалауынан екі күн ішінде 100-ден астам өлі теңіз жануары табылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті мәләмдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Каспий жағалауынан тағы жүзден астам өлі итбалық табылды

2025 жылғы 20–21 мамырда Форт-Шевченко қаласының маңындағы Каспий теңізі жағалауында 117 өлі итбалық анықталды. Мамандардың айтуынша, итбалықтардың өлі денесі қатты ыдырап кеткен, сондықтан биологиялық сынама алу мүмкін болмаған. Олардың өлімі 2024 жылдың қараша-желтоқсан айларында болған деп болжануда.

«Итбалықтардың өлексесі арнайы полигонға жеткізіліп, утилизация жасалды. Қазір теңіз жағалауының бойында мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр»,– делінген Комитет хабарламасында.

Сарапшылардың мәліметінше, 2024 жылдың қарашасынан бері теңіз жағалауынан барлығы 2194 өлі итбалық табылған.

  • Каспий теңізі – Қазақстандағы экологиялық маңызы зор су айдыны;
  • Итбалық – қызыл кітапқа енгізілген және жойылу қаупі төнген теңіз жануары;
  • Экологтар бұл жағдайды экожүйедегі теңгерімнің бұзылуы деп санайды;

Мәселені шешу үшін халықаралық зерттеулер мен экологиялық мониторинг қажет.

Итбалықтардың қырылу себебі неде болуы мүмкін?

  • Судың ластануы, ауыр металл мен мұнай қалдықтарының әсері;
  • Теңіз деңгейінің өзгеруі және климаттың әсері;
  • Браконьерлік пен техногендік факторлар.

2022–2024 жылдары да Каспий жағалауынан жүздеген өлі итбалық табылған болатын. Бірақ нақты себептер әлі де зерттеуді талап етеді.

Каспий итбалықтарының жаппай қырылуы – жай ғана экологиялық апат емес, елдің табиғи байлығына төнген нақты қауіп. Бұл жағдай балық ресурстарын сақтау, экожүйені қорғау және халықаралық ынтымақтастықты арттырудың өзектілігін көрсетіп отыр.