Қоғам • Кеше

Елімізде құмар ойындарға тәуелді қанша адам бар

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет қаулысымен 2024 жылы елімізде заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілген. Туризм және спорт министрлігі жоспар аясында атқарылып жатқан жұмыстарды қорытындылады, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде құмар ойындарға тәуелді қанша адам бар

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Жоспар 4 негізгі бағыт пен 28 нақты іс-шарадан тұрады. Оның ішінде маңызды бағыттардың бірі – лудоманияның алдын алу. 

Республикалық деңгейде жүргізілген әлеуметтік зерттеу барысында құмар ойындарға бейімділіктің себептері мен таралу ауқымы анықталып жатыр. Сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 5 998 азамат қатысқан. Сонымен қатар ойын бизнесі саласындағы және оған жанама қатысы бар 20 сарапшымен сұхбаттар өткізілген. 

Зерттеу нәтижелері бойынша елімізде құмар ойындарға тәуелді азаматтардың болжамды саны анықталды:
- лицензиясы бар казино мен ойын автоматтары залына – 459 444 адам;
- интернет-казиноға (елімізде тыйым салынған) – 484 055 адам;
- лицензиясы бар букмекерлік кеңселерге – 456 276 адам;
- лицензиясы жоқ букмекерлік кеңселерге – 494 019 адам;
- заңды лотерея өнімдеріне – 491 710 адам тәуелді.

Сондай-ақ, білім беру мекемелерінде қызмет ететін 800-ден астам педагог пен психолог үшін арнайы оқыту ұйымдастырылып, лудоманиямен күресудің негізгі тәсілдері түсіндірілген. 6 000-нан астам мектеп өзінің тәрбие жұмысының жоспарына құмар ойындар мен интернетке тәуелділіктің алдын алуға арналған бөлім енгізген.
Мектептер жанынан «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары құрылып, 1-11 сынып оқушыларының ата-аналарына арналған арнайы бағдарлама аясында айына екі рет өтетін, жалпы саны 24 сабақтан тұратын курс қолға алынған.

Қоғамның әртүрлі топтарын қамтитын түсіндіру және ағарту шаралары

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен басқа да діни бірлестіктердің қолдауымен құмар ойындардың зияны туралы 1 миллионнан астам азаматты қамтыған 4 000-нан астам іс-шара өткізілген.

Ғылым және жоғары білім министрлігі желісі бойынша 2024 жылы жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Саламатты өмір салты үшін!» флешмобы, Денсаулық фестивалі, «Бірінші курс студенті» спартакиадасы сияқты 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылған.

Қорғаныс министрлігі тарапынан әскери бөлімдер мен мекемелерде 38 дөңгелек үстел, 7 конференция, 14 жиналыс, 16 919 әскери қызметшімен жеке сұхбат және әңгімелесу өткізілген.