Әдебиет • Кеше

Рудныйда «Оралхан оқулары» байқауы өтті

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«QC Holding» құрылыс компаниясының мектеп оқушыларын көркем шығарма оқуға баулитын «QC Read» жобасы аясында Рудный қаласында «Оралхан оқулары» байқауы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рудныйда «Оралхан оқулары» байқауы өтті

Фото: ашық дерккөз

Байқау барысында Рудныйдағы төрт бірдей қазақ мектебінің оқушылары біртуар жазушының шығармаларынан тест тапсырып, «Апамның астауы» әңгімесі бойынша эссе жазды.

Нәтижесінде 157 баланың ішінен ең үздік деп танылған Ұлдана Қаланбекова, Айсамал Досанова, Маржан Насир, Айсұлу Ақылбекова, Нұрай Рахымбайқызы тәрізді 5 оқушы байқау жеңімпазы атанды.

Жеңімпаз оқушыларды марапаттау рәсімі Бейімбет Майлин атындағы №7-ші мектепте өтті. Салтанатты жиынға Рудный қаласының ақсақалдары, білім саласының ардагерлері, мектеп басшылары, мұғалімдер, ата-аналар қатысты.

Іс-шара барысында құрылыс компаниясының өкілдері 5 жеңімпазға Қатонқарағайдағы «Divergents Camp» лагеріне жолдама берді.

«Өткен жылы мамырда біз Қатонқарағайға барып демалып қайтқан едік. Шыңғыстайға соғып Оралхан Бөкейдің үйін көрдік. Сол кезде жазушының шығармаларын балаларға оқытсақ, олардың осы өзіміз көрген Шығыстың әсем табиғатына бойлап, жазғы демалысын есте қаларлықтай қызықты да, мазмұнды өткізуіне себепші болсақ деген ой туды. Үш айдан кейін «QC Read» жобасын бастап кеттік. Содан бері 8 байқау өткізіппіз. «Оралхан оқулары» алдымен Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында болды. Оған 151 оқушы қатысты. Осы іс-шара барысында жоба аясында атқарылған біржылдық жұмысымызды қорытындыладық. Аталған жоба басталғалы Маңғыстау, Қостанай облыстарында Бейімбет, Әбіш, Төлен, Оралхан, Светқали оқуларын өткіздік. Оған мыңға жуық бала қатысты. Демек, бір жылдың ішінде осыншама баланың 50 шығарма оқуына немесе бірінші рет кітап бетін ашуына себепші болыппыз», дейді компания өкілі Алмас Алтай.