
Айтулы оқиға ретінде айшықталған EURASIAN FASHION WEEK-тің 9-маусымына 3 000-дай адам қатысып, БАҚ өкілдері мен инфлюенсерлерді, іскерлік әлемі сән индустриясының шетелдік және отандық өкілдерін жинады.
Алматы төріндегі салтанатты «Koktobe Hall» сарайында өткен «EFW 2025» сыйлаған жарқын сәттерді тілге тиек ететін болсақ, әзербайжандық брендтің иесі Anara Zakirli алғаш рет eurasian мінберінде салтанат құрды. Ол 2018 жылы ұлттық кілем өрнектерін заманауи киім үлгілерімен үйлестіріп, әрбір сән үлгісін тарихтың, мәдениет пен табиғаттың (от, су, ауа, жер) нышанына айналдыра білген дарынды дизайнер.
БАҚ өкілдеріне арналған EFW бас продюсері Ирина Байжанова: «Біз үшін көрші елдерден келген достарымызды EFW сахнасында қарсы алу –үлкен мәртебе. Әзірбайжан елінің жүрегін жаулаған брендті өз елімізде таныстырудың сәті келгеніне қуанып отырмыз. Осылайша Anara Zakirli брендінің жаңа тараулары Қазақстанда ашылып отыр», деді.
«Биылғы маусымның тағы бір ерекшелігі ерекше күтімді қажет ететін балалар мода мінберіне шығып, сән үлгілерін көрсетті. Осы сәттер оларға қуаныш сыйлап қана қоймай, киіп көрсеткен сәнді киім үлгілерін өздерінде естелікке қалдырды. Ең бастысы онкологиялық дерттермен, қан ауруларымен күресіп жүрген балалар қуаныштан күш-қуат алды, ерекше сәттердің бір бөлшегіне айналды.
«Биылғы маусымды балалар көрсетілімінен бастасақ – бұл саналы түрде қабылданған шешім. Бізге сән әлемінің – шабыттандыра алатын, қолдау көрсетіп, біріктіре алатын күш екенін көрсету маңызды. EFW мақсаты әдетте кадр сыртында қалып қоятындарды көрсету. Ерекше қажеттілігі бар балалар мінберге шыққан кезде сән – жәй индустрия ғана емес, өзгеріс құралына айналып шыға келеді. Бұл көрсетілімдер біздің әлеуметтік жобаларымыздың бір бөлшегі, әрбір баланың танымал дизайнерден алған сыйлығы – олардың осыған лайық екендігін сезіндіреді», дейді Ирина Байжанова.
Сондай-ақ EFW-тің биылғы маусымында BEYNE, Malique, Adi Distance мұсылмандық брендтері алғаш рет сахнаға шығып, заманауи мұсылман әйелдерінің келбеті мен стилін көрсетті.
Ал Sun Sergio, Tasha Kazantseva, Rose & Boujee, ShakerBay, Kenje Девятко (Lacrimosa топтамасы), Bayan Sabazova, Arai Bektursun (этника және тұрақты мода синтезі), Zero сынды брендтер көрермендердің ерекше ілтипатына бөленді.
Жұрттың назарын аударған Ethno Fashion Show EFW-ді мәреге жеткізіп, MYRZA, Gulnara Kassym, Gulnaz Zheksembek, POLYRMORT брендтері этника мен тұрақты сән үлгілерінің үйлесімін танытты.
Мода әлемінің миссиясы да сонда – отандық сән әлеміндегі айшықты күндерді МОД (Халықаралық көші-қон ұйымы) мен Models Production серіктестігімен әйелдерге тігіншілік өнер мен кәсіпкерлікке баулу бағдарламасы жалғасын табатындығымен қорытындылауға болады. Қазірдің өзінде 100-ден астам әйел кәсіп бастауға мүмкіндік алып отыр.