«Бүгін 2024–2025 оқу жылын сәтті аяқтап, замандастарының ортасынан білімімен, өнерімен танылып, «жүзден жүйрік» атанған, облысымыздың абыройын асқақтатқан жас дарындармен кездесіп отырғаныма қуаныштымын», – деген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев биыл облыстағы 483 мектепте 352 мыңнан астам оқушы білім алғанын атап өтті.
Жалпы білім сапасы 68,3%-ке жеткен. Биыл 17 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, олардың 1433-і – «Алтын белгі», 1513-і – «Үздік аттестат» иегері атанған.
Облыс әкімі мұғалімдердің тынымсыз еңбегінің арқасында оқушылардың білім сапасы жыл сайын артып келетіндігін тілге тиек етті. Атап айтсақ, 2022–2023 оқу жылында 104 оқушы халықаралық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарында жеңімпаз атанса, өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 145-ке жеткен. Биыл бұл сан 160-қа дейін өсіп отыр.
«Алматы облысы – дарынды жастардың ордасы. Мұны тек облыс орталығы ғана емес, шалғай ауыл оқушылары да дәлелдеп келеді. Астана қаласында өткен ауыл мектептеріне арналған олимпиадада облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып, І және ІІ орындарға ие болды», – деді өңір басшысы.
Іс-шара аясында 22 оқушы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, дарынды шәкірттер дайындаған Алатау қаласындағы №47 орта мектептің физика пәні мұғалімі Светлана Бекмұхамбетова, Есік қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің география пәні мұғалімі Тамара Ещанова, Іле ауданындағы №38 мектептің құқық пәні мұғалімі Лейла Нарымова, Еңбекшіқазақ ауданы Рахат №1 орта мектебінің химия пәні мұғалімі Нұртай Ерназарға өңір басшысы алғысын білдірді.
Дарынды оқушылар қатарында халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен беделді университеттердің грант иегерлері бар. Олардың қатарында Талғар ауданы «Дана» мектебінің оқушысы, экономика саласындағы халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, АҚШ, Ұлыбритания және Ресей университеттерінің грант иегері Жәңгір Илжанов, Есік қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Халел Мүслім, Іле ауданының өкілі Бекмұхамет Айша және Ұйғыр ауданынан Ибадуллаева Шахризаттың есімдері айрықша аталады.
«Құрметті оқушылар! Білім – шексіз мүмкіндікке бастайтын жол. Ізденуден, оқудан, жаңашылдықтан ешқашан жалықпаңыздар. Еліміздің болашағы – сіздерсіздер. Әрбір қадамдарыңыз тек биік мақсаттарға жетелей берсін», – деп сөзін қорытындылаған өңір басшысы оқушыларға үлкен сенім артып, ақ жол тіледі.
Алматы облысы.