Аймақтар • 03 Маусым, 2025

Жаздың алғашқы күндерінде екі жасөспірім суға батып кетті

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар және Ақтөбе облыстарында 16 жастағы екі жасөспірім суға батып,  қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаздың алғашқы күндерінде екі жасөспірім суға батып кетті

Фото: Ашық дереккөз

Ақтөбе облысында Шұбарқұдық ауылы маңындағы Ойыл өзенінің бойында 2009 жылы туған жасөспірім мал бағып жүрген кезінде суға кеткен. Баланың жанында отбасы мүшелері болған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бозбала жануарларды суарып жүрген кезде өзі де суға түскен және қайта шыға алмаған.

Павлодар облысында да дәл сол жастағы жасөспірім суға кетіп, денесі арна түбінен табылған. Қайғылы жағдай 2 маусым күні сағат 17:00 шамасында Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылында болған.

Облыстық ТЖД мәліметінше, жасөспірім суға шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен. Құтқарушылар 15:40-та түскен хабарламадан кейін іздестіру жұмыстарын жүргізіп, су астына сүңгу барысында баланың денесін тапқан.

Айта кетейік, Павлодар қаласында 3 маусымнан бастап шомылу маусымы ресми түрде ашылды. Қалада екі коммуналдық жағажай дайындалған.