
Мерекелік шараның басты бөлімі Іле ауданының Өтеген батыр кенті мен Қонаев қаласының 5-жағажайында ұйымдастырылды. Таңғы сағат 9:00-де Өтеген батыр ауылында Мемлекеттік Ту тұғыры маңына жиналған көпшілік Әнұранды бірге шырқап, көк байрақтың көкке көтерілу сәтіне куә болды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған жұртшылықты құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің ел болашағын тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
«Ту көтеру – тек салтанатты рәсім ғана емес, бұл – ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің, ұлттық рухты жаңғыртудың нақты көрінісі. Мемлекеттік рәміздер – әр азаматтың жүрегіндегі отансүйгіштік сезімін оятатын киелі нышан», деді өңір басшысы.
Сондай-ақ ол, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік рәміздеріміз – күллі халқымызға қастерлі нышандар» деген сөзіне тоқталып, тәуелсіздіктің құндылығына ерекше мән берді.
Шара аясында концерттік бағдарлама ұсынылып, патриоттық әндер шырқалды.
Мерекенің екінші кезеңі Қонаев қаласындағы 5-жағажайда жалғасты. Қала көшелерімен өткен «Тұлпар» ретро көліктер шеруі мерекеге көрік беріп, жағажай алаңына тізіліп қойылды. Қала әкімінің құттықтауынан соң, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген сәт — кәсіби флайбордшы Олеся Колесниченконың су үстіндегі көрінісі болды. Ол катерлер мен желкенді қайықтардың арасында әуеге көтеріліп, акробатикалық өнер көрсетті.
«Тұғырлы Туым» акциясы — халықтың патриоттық рухын көтеріп, мемлекеттік нышандарға деген құрметті арттыруға бағытталған тағылымды бастама. Бұл күн — жас ұрпаққа елдік пен бірлік туралы ой салып, ел рәміздерінің қадірін терең ұғынуға мүмкіндік берді.
«Бір мезетте көкке көтерілген Ту – еліміздің тұтастығы мен халқымыздың жүрегіндегі ортақ мақтаныштың белгісі», дейді ұйымдастырушылар.
Еліміздің тәуелсіздігін әлемге әйгілейтін Мемлекеттік рәміздер күніне орай, «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалының қолдауымен бірқатар іс-шара жүзеге асты.
Атап айтсақ, Қонаев қаласындағы Asp Club дрифт алаңында, Қапшағай су қоймасының жағалауында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған ерекше автоакция өтті. Әр көліктің төбесіне Қазақстанның көк Туы орнатылып, 16 автокөлік бірлесіп «KZ» жазуын құрады.
Мәре алдында жүргізушілер шектеулі алаңда синхронды дрифт жасап, көліктердің қозғалысын дәл үйлестіре білді. Осылайша қатысушылар мемлекеттік рәміздерге деген құрметтерін автоспорт арқылы білдірді.
Мемлекеттік рәміздер күніне орай Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік көлі жағасында 30-дан астам бала Әнұранды ұлттық аспаптарда орындады. Теңіз деңгейінен 1759 метр биіктікте өткен бұл көрініс – табиғат пен ел рухының үйлесімін паш етті.
Сонымен қатар, Мемлекеттік ту Алматы облысының көрікті жерлерінде желбіреді. Атақты Қапшағай жағалауы, Шарын шатқалы, Көлсай мен Көшпенділер қалашығында желбіреген көк Туымыз көз сүйсінтті.
Алматы облысы