
Сарапшылар да жасанды интеллект пен криптовалюта келешектің қос тірегіне айналып келе жатқанын айтып отыр. Әрине, түзейтін, реттейтін мәселесі де баршылық. Мәселен, алдағы уақытта ЖИ технологиясындағы тілдік теңсіздік, инфрақұрылым тапшылығы мен цифрлық қаржы жүйесіндегі қауіпсіздік түйткілдері шешімін табуға тиіс.
Цифрлық активтер революциясы
«Цифрлық активтер революциясы: Астана жаһандық қаржы картасында» атты панельдік сессияда сарапшылар криптовалюта, цифрлық теңге және қаржы экожүйелерін реттеудің болашағы туралы пікір алмасты. Жаңа идеялар мен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдік, жылдам модернизация мен сенімділік арасындағы теңгерім – осының бәрі қаржы технологиялары саласындағы басты күн тәртібіне айналды.
Цифрлық активтер бүгінде қаржы саласының келбетін түбегейлі өзгертіп жатыр. Бір кездері шеттегі тәжірибе саналатын криптовалюта мен блокчейн енді экономикалық дамудың жаңа тірегіне айналды. Осы үрдісті ескере отырып, еліміз де цифрлық қаржы нарығында өз орнын бекемдеуге мүдделі.
Криптовалюта айналымы заңдастырылады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, бұрын майнинг саласы үлкен «сұр аймақ» болатын, сәйкесінше электр желісіне түсетін салмақ та жоғары болды.
«Мемлекет тарапынан қатаң реттеу енгізілген соң, майнинг компаниялары тіркеуден өтіп, салық төлей бастады, арнайы лицензия алады. Бүгінде салада «Binance» платформасы арқылы жұмыс істейтін 10-нан аса ресми криптоайырбастау пункті бар. «CryptoCity» жобасы криптовалюта айналымы заңдастырылып, пилоттық форматта қолданылатын алғашқы қала болмақ. Біз батыл болуымыз керек. Жаңа нәрсені сынап көрмесек, нақты дерек те, нақты шешім де болмайды. Эксперимент арқылы ғана бүкіл елге таратуға бола ма, жоқ па – соны түсінеміз», дейді министр.
«Ұлттық банк туралы» жаңа заң неліктен өте маңызды?
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі және цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Бинур Жаленов қаржы жүйесін жаңғыртудың басты мақсаты ашықтық пен сенімділікті арттыру екенін баса айтты.
«Цифрлық теңге мемлекеттік қаржы шығындарын бақылауда ерекше рөл атқара алады. Мемлекеттік сатып алу кезінде цифрлық теңгені қолдану – революциялық қадам. Әрбір цифрлық токеннің қозғалысын нақты белгілеуге болады. Сонда ақша мақсатты түрде жұмсалып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Бастама тек мемлекеттік секторда қолданылып қалмай, болашақта жекеменшік салада да көрініс табуы керек. Ең бастысы, ақша айналымының барлық кезеңінде мөлдір бақылау жүйесін қалыптастыру», дейді.
Сарапшының айтуынша, тек цифрлық теңге немесе майнингпен шектеліп қалуға тағы болмайды. Бүгінде бас банк «Ұлттық банк туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Онда криптоактивтер нарығын дамытуға қажетті реттеу нормалары мен экожүйенің техникалық параметрлері ескеріледі.
«Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы және ТМД кеңістігіндегі криптохабтардың бірі етуге ұмтыламыз. Ол үшін экожүйе ашық, заңнамасы нақты әрі бизнеске қолайлы болуға тиіс», деді Жаленов.
Жаһан ЖИ-дің шынайы демократиялануына мүдделі ме?
Сессия модераторы, «WIRED» басылымының инновациялар жөніндегі аға редакторы Джереми Уайт бүгінде цифрлық алшақтықтың бұрынғыдан да тереңдеп келе жатқанын айтты.
«Бұл алшақтық, әсіресе, жасанды интеллект саласында қатты сезіледі. Реалистік тұрғыдан алғанда, дамыған елдер дамушы мемлекеттерге ЖИ-ді дамытуға қажет инфрақұрылым мен мүмкіндіктерді қаржыландырады дегенге сенуге бола ма?» деп сұрады модератор. Оған жауап берген Амандип Сингх Гилл бұл қайырымдылық емес, өзара тиімділікке негізделген қажеттілік екенін ерекше атап өтті.
«Егер жасанды интеллектінің шынайы демократиялануын қаласақ, онда ол әртүрлі мәліметтер жиынтығын қажет етеді. Бұл үшін бүкіл әлемдегі жоғары сапалы, тілдік және мәдени тұрғыдан әртүрлі дерек керек. Сонымен қатар әр аймақтың өзінде де дарынды мамандар бар. Мысалы, Африкада. Бұл – ортақ пайда әкелетін жол», деді ол.
ЖИ-дегі қазақтілді дерек әлемдік көрсеткіштен 2 000 есе аз
Спикердің айтуынша, дамыған елдерде моральдық әрі экономикалық тұрғыдан ескіріп қалған құрылғылар мен инфрақұрылымды дамушы елдерге бағыттау – инфрақұрылым сұранысын теңгеруге мүмкіндік береді. Сессияда айтылған ең өзекті тұстардың бірі контент кедейлігі және тілдік теңсіздік мәселесі болды. Амандип Сингх Гилл әлемде шамамен 2,6 миллиард адамның интернетке қолжетімділігі жоқ екенін еске салды. Оның үстіне, интернетке қосылғандардың өзі контентті тұтынады, бірақ өздері контентті сирек жасайды. Бұл жаһандық деңгейдегі «контент тапшылығын» туындатып отыр.
Одан да маңызды мәселе – ЖИ жүйелері негізінен санаулы тілдерде ғана дамып жатыр.
«Бүгінде ЖИ модельдері 6-7 негізгі тілді ғана қолданады. Олардың басым бөлігі – ағылшын, кейбірі Батыс Еуропа тілдері. Мысалы, түрік тілдері, соның ішінде қазақ тілі мәліметтер базасында өте аз қамтылған. Менің естуімше, бұл тілдер бойынша деректер шамамен 2000 есе аз», деді БҰҰ өкілі.