Спорт • Бүгін, 09:27

Ислам ынтымақтастығы ойындарының мәселесі талқыланды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сауд Арабиясының астанасы - Эр-Риядта 2025 жылдың күз айларында алауы тұтанатын VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының делегация басшыларына арналған семинар (Chief de Mission Seminar) ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

Ислам ынтымақтастығы ойындарының мәселесі талқыланды

Аталған жиын барысында ұйымдастырушылар әлемнің әр қиырынан жиналған 50-ден астам мемлекет спортшыларының басын қосатын дүбірлі додаға дайындық жұмыстары қазіргі кезде қалай жүріп жатқаны жайында толық ақпарат берді.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің атынан іс-шараға бас директор Нұрлан Нөгербек пен Спорт департаментінің жетекші менеджері Айым Жетібаева қатысты. Семинар барысында тұрақтау, көлікпен қамтамасыз ету, логистика, аккредитация процесі, медициналық және допингке қарсы қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ негізгі спорт нысандары мен Атлеттер қалашығына тур ұйымдастырылды.

Семинардың маңызды жаңалықтарының бірі ойындар бағдарламасына екі жаңа спорт түрінің – бокс пен дуатлонның енгізілуі болды. Ресми бөлімнен бөлек, Қазақстан ҰОК өкілдері жұмыс кездесуін өткізіп, онда негізгі мерзімдер, делегация құрамы, тұрақтау, логистика, жүк пен спорттық жабдықты тасымалдауды рәсімдеу сияқты ұйымдастыруға байланысты мәселелерді талқылады.