Білім • Кеше

ҰБТ кезінде 208 түлек ереже бұзған

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғарғы білім министрлігі 16 мамырдан негізгі ҰБТ басталғалы 164 мыңнан астам тестілеу өткізілгенін мәлімдеп, үш апталық аралық қорытындыны шығарды, деп жазады Egemen.kz

ҰБТ кезінде 208 түлек ереже бұзған

Фото: aikyn.kz

Талапкерлердің 74%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде және 136 адам ағылшын тілінде тапсырған. 

Үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 69%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл 65-ті құрады. Ең жоғары  140 баллды Түркістан облысының түлегі Әбілхан Жәнібек бірінші аптада тіркеген.

Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 18%-ы «Математика-Физика», 15%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын тапсырды. 14%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін де қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 477 талапкер қатысқан.

Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинетте қолжетімді болады.

ҰБТ өтіп жатқан үш аптада 206 ереже бұзушылық анықталған. 98 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілген. Тағы 108 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылған. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Негізгі ҰБТ 7-шілдеде аяқталады. 

Соңғы жаңалықтар

Қала қоқыс полигоны ма?

Экология • Кеше