Еңбек • Кеше

Еңбек заңнамасын бұзған кәсіпорындар жауапкершілікке тартылды

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдайға сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторлары еліміздегі 85 кәсіпорында жалақы бойынша берешек бар екенін анықтады. Аталған кәсіпорындар 2 мыңнан астам қызметкерге 814 миллион теңгеден астам еңбекақыны уақтылы төлемеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еңбек заңнамасын бұзған кәсіпорындар жауапкершілікке тартылды

Фото: pixabay.com

Сонымен қатар, әртүрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығының бұзылуына қатысты 2,4 мыңнан астам факт тіркелді. Осыған байланысты жұмыс берушілерге заң талаптарын орындау жөнінде 1 588 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 194 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жалақы қарызын өтеу бойынша нақты кестелер белгіленіп, 1,9 мың жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 677 миллион теңгеден астам жалақы төленді.

Еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау тұрақты негізде жүзеге асырылып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.

Осы жылдың алғашқы бес айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 381 тексеру жүргізіп, 2 941 құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде:

  • еңбек қатынастары саласында – 2 428;

  • еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағытында – 496;

  • халықты жұмыспен қамту саласында – 17.

Жалпы алғанда, қабылданған шаралардың арқасында 17,2 мың жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.