
Фото:ашық дереккөз
Жаңа түзетулерге сәйкес аттестациялау тәртібіне қазақ тілін білуге арналған тест енгізу ұсынылды. Бұл бастама мемлекеттік тілді меңгеруді ынталандыру және қызмет сапасын арттыру мақсатында қолға алынып отыр.
Сонымен қатар заң жобасында қызметкерлер мен олардың отбасыларына қатысты бірқатар әлеуметтік кепілдікті заңмен бекіту көзделген. Атап айтқанда, халықаралық ұйымдарға немесе мемлекеттік органдарға уақытша ауыстырылған уақытта, барлық жеңілдік пен өтемақы толық көлемде сақталады. Бұған дейін бұл ереже тек Үкімет қаулысымен реттеліп келген.
Бұған қоса прокуратура қызметкерлерін физикалық және атыс дайындығынан норматив тапсырудан босату ұсынылды.
Заң жобасында қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасыларына ай сайынғы төлемдер төлеу қарастырылған.
Бұл өзгерістер құқық қорғау қызметкерлерінің мәртебесін арттырып, олардың әлеуметтік кепілдіктерін нақтылауға бағытталған. Заң жобасы әзірге жұмыс тобының талқылауында. Алдағы уақытта Сенаттың қарауына енгізіледі.
Арайлым МЫРЗАХАН, ЕҰУ 2 курс студенті