Энергетика • Кеше

Атом – тұрақты әрі қуатты энергия көзі

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдегі энергия тапшылығын шешу мақсатында атом электр стансасын салу жұмысы қолға алынды. Мемлекет басшысы бұл мәселеге айрықша маңыз беріп, жақын жылдарда бір емес, үш АЭС салуымыз керек деген іргелі талап қойып отыр. Біле білгенге, қазіргі атом адамға қауіпті емес, керісінше ғылыми негізде өркендеудің басты құралы дейді сала сарапшылары.

Атом – тұрақты әрі қуатты энергия көзі

Сурет: eenergy.media

Мамандардың пайымынша, Жапония мен Ресейдегі апатты еске алып, үрей туғыза беруге қазір негіз жоқ. Себебі одан бергі ғылыми техникалық прогресске жаһан жұрты куә.

«Қазіргі заманғы энергоблоктің қызмет ету мерзімі кемінде 60 жыл, ал ресурс­ты ұзарту арқылы 80 жылға дейін жетуі мүмкін. АЭС арқылы электр энергиясын өндіру құны бәсекеге қабілетті. Отын (уран) шығыны жалпы құнның 10%-дан азын құрайды. Ал пайдалану шығыны – энергетика саласындағы ең төмен деңгейде. Оған қоса, АЭС-тің орнатылған қуатты пайдалану коэффициенті орта есеппен 85%-дан асады. Бұл оны энергетикалық жүйенің сенімді тірегіне айналдырады», дейді «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиев.

Айтуынша, атом энергиясы – электр қуатын өндірудің экологиялық жағынан ең таза тәсілінің бірі. Жаһандық энергетикалық трансформация мен көмірқышқыл газ шығарындысын азайту жөніндегі халықаралық міндеттеме аясында көп ел өз стратегиясын төмен көміртекті көздерге, соның ішінде АЭС-ке қарай қайта бағыттай бастады. Бұл орайда біздің де АЭС-ті пайдалануға толық құқымыз бар әрі оған алғышарт та жоқ емес. Қазақстан – уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы. Ел аумағында ядролық ғылым мен инфрақұрылым саласында жинақталған көпжылдық тәжірибе, жоғары білікті кадрлар бар. Бұған «Ядролық физика институты», «Ұлттық ядролық орталық», сондай-ақ Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) төмен байытылған уран банкі сынды стратегиялық нысандар дәлел бола алады.

«Бүгінде елдің оңтүстігінде энергия тапшылығы анық байқалады. Істеп тұрған стансалар ескірді. Электр энергиясының басым бөлігі көмірден алынады. Көмір – болашақтың шешімі емес. АЭС не береді? Ол қуат тапшы оңтүстік өңірді тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге көмектеседі. Әуелі энергиялық баланысты әртараптандыруға, көмірге тәуелділікті азайтуға жол ашады. Сөйтіп, энергиялық егемендікті нығайтып, отын мен электр қуатын импорттауға тәуелділіктен құтқарады. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық климаттық міндеттемелерін (2060 жылға қарай көмір­тек бейтараптығына қол жеткізу) орындауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – елде ғылым, техника және білімнің дамуына серпін береді. Сондықтан атомға қатер емес, мүмкіндік ретінде қарау маңызды», дейді Саябек Қуанышбекұлы.

Әлемде 30-дан астам елде 416 ядролық энергия реакторы жұмыс істейді.

«Өз қауіпсіздігіне аса сақтықпен қарайтын елдің бірі – АҚШ. Ол әлемдегі ең ірі АЭС паркіне ие. Онда 90-нан астам реак­тор жұмыс істеп тұр. АҚШ қолданыста­ғы стансаның қызмет ету мерзімін ұзар­ту мен шағын модульді реакторларды (SMR) дамытуға өте көп инвестиция салып жатыр. Францияда шамамен 56 жұмыс істейтін реактор бар. Атом энергия­­сы­ның үлесі жалпы электр өндірісі­нің 70%-ына жуық. Франция атом энергиясы­ның ар­қасында Еуропадағы басты электр энергия экспорттаушы елге айналды», деді бас директор.

Атом энергиясы ең жылдам дамып келе жатқан Қытайда қазір 50-ден астам реактор пайдалануға берілген, тағы он шақтысы салынып жатыр. Олар 2035 жылға дейін атом электр қуатын екі есеге арттырғысы келеді. Ресейде 38, Оңтүстік Кореяда 25 энергоблок жұмыс істейді. Үндістан 20-дан астам реакторды іске қосқан және жылдам нейтронды реакторлар мен торий цикліне негізделген жеке технологиялық бағытын дамытуға мүдделі.