
Сараптамалық қорытындыға сәйкес бұл жәдігерлер темір дәуірінің ерте кезеңі мен орта ғасырға б.з.д. VII ғасырдан б.з. III ғасырына дейінгі кезеңіне жатады және ежелгі көшпелі халықтардың мәдениетіне тән. Атап айтқанда, сақтардың «аң стилінде» жасалған. Қолөнердің бұл түрі көркемдік шеберліктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді, сонымен қатар скифтердің көрші халықтар – грек, парсы, қытайлармен тығыз мәдени байланыста болғанын дәлелдейді.
Ұлттық музей қорына тапсырылған бұйымдардың ішінде бүркіттің басы бейнеленген металл бұйым, араб жазуы бар жүзік, мүйізді аң бейнеленген (тау үстінде) тік бұрышты пластина, қанатты арыстан, пырақ (қанатты жылқы), қарғыған барыс пен бұғының мүсіндері, 15 көне тиын, шиыршық түріндегі екі жүзік, арыстанның басы бейнеленген сақина және басқа да сирек заттар бар. Жәдігерлердің жалпы салмағы 118 грамнан асады. Бұйымдар шекіме, бедерлеу және нақыштау әдістерімен жасалған. Сарапшылардың айтуынша, бұл дала мәдениетінің стилистикалық ерекшеліктері мен грек, парсы және шығыс өнерінің ықпалын көрсетеді.
«Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті мен Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде ұлттық игілік ретінде танылған құнды заттар ресми түрде мемлекеттік меншікке беріліп, Ұлттық музей қорына табысталды. Бұл – Мемлекет басшысы атап өткен маңызды қағидаттың жарқын дәлелі. Яғни әрбір қайтарылған актив ел игілігіне жұмсалуға тиіс. Бүгін біз осы қағидаттың нақты жүзеге асқанына куә болдық. Бұл актив халқымыздың мәдени мұрасының бір бөлігіне айналды», деді «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС бас директоры Қуанышбек Мұқаш.
Жуырда осы артефактілер Ұлттық музейдің экспозицияларына қойылып, көпшіліктің назарына ұсынылады.