Технология • Кеше

Студенттер модульдік үй құрастырды

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ұстаз-студенттерінен құралған ғылыми-шығармашылық топ модульдік үй құрастырды. Төтенше жағдай туындағанда, туристік аймақтар мен  вахталық кенттерде, халық тығыз орналасқан өңірлердегі баспана мәселесін шешуге арналған жоба авторлар атына патенттеліп үлгерген, деп жазады Egemen.kz.

Студенттер модульдік үй құрастырды

Модульдік құрастыру жаһандық құрылыс саласында белсенді енгізілген. Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы Tencent кеңсе орталығы, CitizenM Tower of London қонақ үйі, Канаданың Монреаль қаласындағы Habitat 67 тұрғын үй кешені - модульдік ғимараттардың жарқын мысалы. Осындай негізге құрылған университеттің инженерлік тобы жобалаған нысандар темірбетон модульмен салыстырғанда 10 есе жеңіл, жұмыс күшін 5 есе аз қажет етеді. Сейсмикалық қауіпсіз жоба кәнігі құрылыстан 2 есе қалтаға қонымды. Жоба жетекшісі, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Ерік Тұрашұлының айтуынша, модульдік үйді кез келген орынға оңай орналастыруға болады.

пп

«Техникалық сипаттамасы талапқа сай модульдік үйлердің пішініне де таңдау көп. Сұранысқа қарай қоғамдық ғимараттарды, сауда нысандарын, туристер тұрақтайтын орындарды шеңбер, доға, үшбұрыш формада да құрастыру ойластырылған. Жобалау кезеңінен шәкірттермен бірге іске асырылған модульдік үйді университет ауласында құрастырдық. Қазір жаңа жүйемен салынған нысан студенттердің сергіп, демалатын, шығармашылықпен айналысатын алаңына айналған», деп сөзін сабақтаған Сәтбаев университетінің профессоры жоба әсіресе, туризм саласын түлетуге серпін беретінін атап өтті. «Қазақстан табиғаты – көп қырлы. Тау, шатқал, жер бедерінен бірнеше шақырым төмен ораналасқан көрікті мекендер көп. Сондай орындарға туристерді тарту үшін жайлы орын болуы маңызды. Біздің жоба осы түйінді аз шығынмен тарқата алады. Арнайы цехта дайындалған темір қаңқаларды техникамен жеткізу де жеңіл әрі құрастыруға ай жеткілікті. Маусымдық саяхат кезінде бос қалса су тасқыны, өзге де төтенше жағдайда қабылдау пункттерінің қызметін атқара алады. Себебі жобада инфрақұрылымдық, өмір сүруге қажетті бөліктер ескерілген», деді Ерік Тұрашұлы.

Екі жетекші, 11 студенттің модульдік үй жобасын Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының мамандары да жоғары бағалаған. Ізденушілер бастамасы Қырғызстан Республикасындағы ғылыми байқауда да жүлде еншілеген. Жобаның өзге де ұтымды тұсын болашақ инженер Мадияр  Шраздин тарқатты.

«Жоба идеясы 2024 жылдың қаңтарында ойға қонды. Ұстаздарымыз Ерік Тұрашұлы мен Қазақстанның құрметті архитекторы Серік Сыздықұлы ойымызды қуаттап, іске асыру барысында мол тәжірибесімен бөлісіп, қате-кемшіліктерімізді күзеп-түзеді. Осындай орасан қолдау аясында экологиялық таза, мобильді жобамызды сөзден іске дейін жеткізе алдық. Модульді үйдің бір қабатпен шектелмейтініне де назар аударғым келеді. Жобалау барысында материалды өзара алмастыру, қажеттілік туғанда дайын үйдің қапталынан, жоғарыдан блок қосу мүмкіндіктері қарастырылған», деді Қ.И.Сәтбаев университетінің 3-курс студенті.

Aa

Инженерлік топ жоба игілігін, масштабын кеңейтіп шетелге шығаруды көздеп отыр. Ғаламдық сұраныс тамырын басып отырған студенттер модульдік үй жобасы халқы тығыз орналасқан Африка елдеріндегі де баспанаға қажеттілікті бюджет тұрғысынан тиімді шешуге болатынын тілге тиек етті.