
Солардың бірі – Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті Ертіс ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Азамат Смағұлов. Ол – батырлық пен шығармашылықты қатар алып жүре алатын азамат.
Жасы 28-дегі жас маман қызметке кіріскеніне көп болмаса да, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, батылдығымен, адалдығымен көзге түсіп үлгерді. Күн сайын қауіптің құрсауында жүріп, отты өшіріп, адам өмірі мен мүлкін құтқарып келеді.
Ал қызметтен тыс уақытта Азаматтың басқа бір қыры ашылады. Ол – суретші. Қолына қылқалам мен қарындаш алып, шабыт әлеміне шомады. Арнайы көркемдік білімі болмаса да, сурет салу техникасын өз бетінше меңгерген. Оның туындылары – ішкі жан дүниесінің көрінісі, сезім мен тебіреністің бояуға айналған бейнесі. Бұл – шығармашылық арқылы рухани тепе-теңдік орнатып, күйзелісті жеңудің жолы.
Азамат Смағұлов – ТЖМ қатарындағылардың арасында өмірін қатерге тігіп қана қоймай, өзінің өнерімен өзгелерге рух беріп жүрген шығармашыл жанның бірегейі. Бұл – қарапайым қызметкердің тұлғалық биігі мен адами болмысының айғағы.