
Музей басшысы Гүлбану Сәрсекейдің айтуынша, кезінде Гүлнар Міржақыпқызы аталған музейдің ашылуына көп еңбек сіңірген Ғазиз Әмірханұлына 106 Алаш қайраткерінің фотосуретін, сонымен қатар әкесінің көзі тірісінде тұтынған көптеген бұйымды берген.
Гүлнар апай тапсырған жәдігерлер қатарында 1914 жылы Қазан қаласынан екінші рет басылып шыққан «Бақытсыз Жамал» романының түпнұсқасы, Міржақыптың «Ахмед Байтурсунович Байтурсунов» атты биографиялық очеркінің қолжазба нұсқасы бар. Очерк орыс тілінде жазылған.
«Біздің музейде кезінде Міржақыптың үйінде тұрған бірқатар жиһаз, тұрмыстық бұйымдар сақталған. Соның ішінде Ғайнижамал анамыздың төркінінен келген ас үстелінің жөні бөлек. Алаш қайраткерлері осы үстелдің басында жиі бас қосып, дәм татып, кеңес құрған. Сондай-ақ Міржақыптың кітап қоятын тумбасы, жол сөмкесі, балаларының шашын алатын мәшіңкесі, ұлы Әлібектің күміспен шекелеткен кісе белбеуі, Ғайнижамал анамыздың шәйнегі мен күміс қасығы, әшекей бұйымдарын сақтайтын қобдишасы, сол үйдің қол жуғышы мен сүлгісі, Гүлнар Міржақыпқызының алты айлығынан қалған жөргегі, кейін пайдаланған жазу мәшіңкесі бар», дейді Гүлбану Сәрсекей.
Алмағайып заманнан аман жеткен құнды жәдігерлер алпыс жыл бойы Мәскеу қаласында сақталыпты. Музей директорының сөзінше, Міржақып 1928 жылдың аяғында Қызылорда қаласында қамауға алынады. Ғайнижамал Дулатова сол кезде үйіндегі біраз дүниені татар көршісі арқылы Мәскеуге жіберген. Сол кезде 12 жаста болған Гүлнар апай қара шаңырақтағы қастерлі дүниелер жоғалып кетпес үшін алпыс жыл бойы ай сайын Мәскеуге ақша аударып отырған.
Қостанай облысы