Жемқорлық • Кеше

Аграрлық университет активтері мемлекет меншігіне қайтарылады

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Amanat» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлық қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі жиыны өтті. Шара барысында ғасырға жуық тарихы бар оқу ордасының активтерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аграрлық университет активтері мемлекет меншігіне қайтарылады

«2000-шы жылдардың басында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде мемлекеттің және осы оқу ордасының меншігі талан-таражға түскен. Атап айтқанда, университеттің 3 жатақханасы, 5 лабораториялық ірі нысаны және бірқатар шаруашылық мақсаттағы жер учаскесі жеке адамдардың қолына өтіп кетті. Мұның артында сыбайлас жемқорлық әрекеті тұрғаны анық. Бүгінде «Amanat» партиясының атсалысуымен Бас прокуратураның және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері осы мәселемен айналысып жатыр. Әрине, осы жылдар аралығында меншіктер бірнеше рет басқа тұлғалардың қолына өтіп кетті. Осы уақытқа дейін бірде-бір мемлекеттік орган нақты шешім қабылдаған емес. Соған қарамастан, әділдік қалпына келуі керек деп ойлаймын. Заңсыз жекешеленген барлық материалдық игіліктер мемлекетке қайтарылуы қажет. Бұған жол берген азаматтар құқықтық жауапкершілікке тартылуға тиіс»,  деп атап өтті осы жағдаймен жіті таныс Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

универ

Алматы қаласының прокуратурасы университет мүлкін заңсыз иеліктен шығару фактілерін анықтаған болатын. Нақты айтқанда, Абай даңғылы 8 мекенжайында орналасқан бірқатар нысандар жекешеленіп кеткен. Кейіннен «Ирида ИНВЕСТ» ЖШС Абай даңғылы, 8 мекен-жайында орналасқан жер учаскесінің бір бөлігін «РАМС-Қазақстан» ЖШС-не көп пәтерлі тұрғын үй салуға берген. Қазіргі уақытта көп пәтерлі тұрғын үй салу үшін басталған құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды.

Осы мәселе бойынша Бас прокурорға және Премьер-министрге мәлімдеме жолданғанын атап өткен депутат Ерлан Саиров бұл нысандардың студенттердің игілігіне қайтарылуы қажеттігін алға тартты.

Соңғы екі жылда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, жеке қолға өткен №6 студенттік жатақхана оқу ордасының тұрғын үй қорына қайтарылып, күрделі жөндеуден кейін қосымша 280 студент орынмен қамтамасыз етілді.

Алматы облысы, Талғар ауданы, «Байбұлақ» ауылындағы «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығындағы 50 орындық жатақхана (жер көлемі 1,345 га), ауыл шаруашылық тәжірибелік мақсатындағы 0,11 га жер учаскесі (жанармай станциясы салынып кеткен), ауыл шаруашылық заттарын сақтайтын қойма (жер көлемі 0,0455 га), техникалық құралдарға арналған гараж (жер көлемі 0,08 га) университет менгішігіне қайтарылды. 1973 жылы салынған, соңғы 30 жыл бойы бірде-бір рет жөндеу көрмеген оқу-тәжірибелік шаруашылықтың жатақханасы жақында күрделі жөндеуден өткізіліп, студенттердің пайдалануына берілді.

«AMANAT» партиясы өткізген жиында университеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды ескере отырып, студенттер мен оқытушылар тарапынан осы нысандарды салуды мүлде тоқтату және түбегейлі оқу ордасының иелігіне қайтару бағытындағы талаптар назарға алынды.

Өз кезегінде, кеңеске қатысқан ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Серік Набиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов, «Amanat» партиясы Орталық аппараты партиялық бақылау департаментінің инспекторы Венера Есілбаева, партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров, «Amanat» партиясы АҚФ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесінің мүшесі Нұрлан Сисекенов, Алматы қаласы құрылысын бақылау басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев, Алматы қ. қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысының орынбасары Тимур Тұрсбеков өз ұсыныстарымен бөлісті. Олар депутаттың бастамасын қолдай отырып, жеке қолға заңсыз өтіп кеткен университет нысандарына жан-жақты тексеру жүргізуді, заңсыз құрылысты тоқтату шараларын жуық арада жүргізуді қолға алатындарын жеткізді.

Қазіргі таңда бұл өзекті мәселе «Amanat» партиясының, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бақылауында тұр.

Алматы