Заң мен Тәртіп • Кеше

Берік АСЫЛОВ: Құқықтық жауапкершілік – әділеттіліктің тірегі

3050 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген стратегиялық бағдар еліміздің мемлекеттік саясатының өзегіне айналып, қоғам дамуының басты бағытын айқындап отыр. Бұл – адам құқы мен бостандығын әділетті қорғауға кепілдік беретін, қоғамдық тәртіпті қалыптастыруды көздейтін жүйе. Аталған тұжырымдаманы жүзеге асырудағы қадамдар, прокуратураның рөлі және құқықтық мәдениеттің маңызы туралы Бас прокурор Берік АСЫЛОВ кеңінен айтып берді.

Берік АСЫЛОВ: Құқықтық жауапкершілік – әділеттіліктің тірегі

– Берік Ноғайұлы, «Заң мен тәртіп» ұғымы шын мәнінде халықтың сенімін арттырудың жаңа жүйесі деп ойлайсыз ба? Прокуратураның тек құқық­тық емес, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудегі рөлі қандай?

– «Заң мен тәртіп» – Әділетті Қазақстан­ның идеологиялық тұғырна­масы. Бұл – Ата Заңымыздың мәнін ашатын тұжырым. Конституциямызда ең жоғарғы құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Құқық – ізгілік пен әділеттілік өнері» деген сөздің терең мағынасына мән беріп, «Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамда тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет екенін» ерекше атап өтті. Меніңше, бұл идеологиялық тұжырым – қоғамдық асыл мұраттарды, әсіресе мәдени, адамгершілік, отбасылық, рухани және діни құндылықтарды, сондай-ақ еңбек ету, денсаулық сақтау, білім алу, меншік пен кәсіпкерлік бостандығы сияқты конституциялық кепілдіктерді сақтау қажеттілігін білдіреді. Сонымен қатар табиғатқа және қоршаған ортаға деген қамқорлық та осы қатарда тұруға тиіс. Сондықтан «Заң мен тәртіп» – жай ғана құқықтық ұғымдар емес, қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне, елдің гүлденуіне бастайтын өмірлік бағдарлар.

Аталған қағидаларды ілгерілету мақсатында Үкімет осы жылы алдағы 5 жылға арналған арнайы тұжы­рымдаманы бекітті. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық санасын арттыру, олардың құқықтық тәртіпті сақтауға белсенді қатысуы, заң бұзушылықтарға қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру. Прокуратура – осы жұмыстың негізгі қатысушысы және үйлестірушісі. Біз заңдылық пен тәртіп қағидаларын кешенді түрде жүзеге асырып келеміз. Бұл бағытта мүдделі органдар мен ұйымдармен бірлесіп Президент Әкімшілігінің үйлестіруімен нақты шаралар қабылданып жатыр. Барлық атқарылған іс-шаралар заң үстемдігін нығайтуға, мемлекет тарапынан әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асыруға бағытталған. Ең бастысы – азаматтардың конституциялық құқықтарын, адал кәсіпкерлік пен мемлекеттің мүдделерін қорғау.

Азаматтардың, әсіресе балалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру­дің жақсы мысалдары бар. Биылдың өзінде біздің актілерімізбен 28 мың баланың пайдасына тек алимент бойынша 22 млрд теңге өтелді. Балалар үйінің 366 түлегі мен әлеуметтік осал санаттағы 108 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2,3 мың қызметкерге 2,2 млрд теңге жалақы берешегі өндірілді.

Бұған қоса 1 300-ден аса шетелдік инвесторға көмек көрсетілді. Олардың ел экономикасына қосқан үлесі – 17 трлн теңге. Қазіргі таңда прокурорлардың бақылауында мыңнан аса инвестициялық жоба бар. Бұл орайда басымдық – отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Кәсіпкерлерге дер кезінде көмектесу жаңа өндірістерді қосып, 14 мың жаңа жұмыс орнын ашу және 4,5 мың жұмыс орнын сақтау мүмкіндігі туды.

Прокуратура мемлекетке қайтарған заңсыз активтер есебінен 333 нысан, оның ішінде мектептер, ауруханалар, спорт кешендері салынып жатыр. Бұл – қаражаттың қоғам игілігіне қалай жұмыс істейтінінің нақты дәлелі.

Сонымен қатар біз масылдық көзқарасты ашық айыптаймыз. Яғни кей азаматтардың саналы түрде еңбек етуден бас тартып, әлеуметтік көмекке негізсіз үміт артуы – әділеттілікке жат құбылыс. Заң мүмкіндіктер береді, бірақ ол сонымен қатар міндеттерді орындауды, оның ішінде заң мен тәртіпті сақтауды және басқа адамдар мүдделерін құрметтеуді талап етеді. Мемлекет азаматтарға өзін-өзі дамытуға, кәсіпкерлікпен айналысу­ға, білім алуға, кәсіби өсуге жағдай жасайды. Ал масылдық, әлеуметтік әділеттілікті бұзып, жалған өмірлік бағдар қалыптастырады және шынайы мұқтаж азаматтардың мүмкіндігін шектейді.

Жауапкершілік – тек талап қою емес, сонымен қатар ортақ іске үлес қосуға дайын болу. Әр азамат өзінің дамуына, отбасына, еңбегіне, заңды сақтауға жеке жауапты екенін сезінгенде ғана тұрақты және әділетті болашаққа жол ашылады. Жалпы, біз заңды қорқыныш немесе қысым құралы емес, әділеттің символы ретінде қалыптастыруға тырысамыз. Егер адам заңды өзінің қорғаны, өз болмысының бір бөлігі ретінде қабылдаса, ол ешқашан заңды бұзбайды.

– Азаматтық қоғамды құқықтық мәдениеті қалыптасқан деңгейде құру жүйелі шаралар мен идеологиялық жұмысты талап ететіні анық. Бұл бағыттағы жұмыстарға прокуратура қандай үлес қосып отыр?

– «Тақыр жерге шөп өспейді» деген сөз бар. Бұл тәмсіл құқықтық сана саласына да тікелей қатысты. Егер қоғамда не дұрыс, не бұрыс екені туралы түсінік болмаса, онда адамдар ақ пен қараны ажырата алмайды. Сондықтан заңға деген құрметті қалыптастыру – мемлекет саясаты мен жалпыұлттық идеяның ажырамас бір бөлігі. Кез келген табысты мемлекет белгілі бір құндылық­тар жүйесіне сүйенеді, ол жүйе тәрбие мен мінез-құлық ережелерін айқындай­ды. Идеология қоғамда әділет, тәртіп пен даму туралы біртұтас көзқарас қалыптастыруға көмектеседі. Заңға құрмет сезімі қалыптасып, мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігі, азаматтардың идеологиялық бірлігі нығаяды.

Бүгінде елімізде саналы, жауапты, адал, білікті азамат бейнесін қалыптастыруға бағытталған моральдық-адамгершілік негіз жасалып жатыр. Бұл – «Адал азамат» тұжырымдамасының басты мұраты. Мұндай негіздің сонау балалық шақта іргетасы қаланып, отбасында, мектепте қалыптасып, адамның бүкіл саналы ғұмырында тамыр жая түсетінін бәріміз білеміз. Ең бастысы заң мен тәртіпті ұстанатын жастардың жаңа тұлғасын ерте бастан қалыптастырудың негізін қалаған дұрыс. Осыны ескеріп, прокуратура оқушылар мен студенттердің құқықтық санасын арттыруға ерекше назар аударып отыр. Мысалы, «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы аясында өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті тәрбиелеу және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру мақсатында барлық өңірде жүздеген іс-шара өткіздік. Мемлекет басшысы отставкадағы судьялар мен құқық қорғау органдары зейнеткерлерінің қатысуымен мектептерде «құқықтық сағат» өткізу туралы бастамамызды қолдады. Мәселен, Талғар ауданында үш колледж және 20 мектепте 7-10 сыныптарда жалпыға бірдей құқықтық оқыту жобасы іске қосылды. Бұл тәжірибені ел аумағында кеңінен тарату жоспарда бар. Балалар үлгілі мінез-құлықтың артықшылықтарын түсіну үшін әртүрлі әдістер қолданудамыз: тақырыптық дәрістер, үйірмелер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады. Мәселен, Астанада 100 мектеп оқушысы арасында «Заң және балалар: қатесіз болашақ» атты қойылымдар байқауы өткізілді. Оларда балалар құқық, жауапкершілік, таңдау секілді маңызды ұғымдарды сахнада жеткізді. Алматы облысының 170 мектебінде «Прокурордың жас көмекшісі» клубтары ашылды.

Сонымен қатар біздің бастамамен Алматыда Tele2/Altel компаниясы баланы заңсыз контенттен, оның ішінде суицидті, есірткіні, қорлауды насихаттаудан қорғайтын алғашқы «SIM-Kids» балалар картасын шығарды. Ол ата-аналарға баланың орналасқан жерін анықтауға, айналасында не болып жатқанын тыңдауға, мессенджерлердегі хат-хабарларды көруге, уақытын қай қосымшада өткізетінін бақылау мен құрылғыда дыбыссыз режім қосылғанда хабарласу мүмкіндігін береді. Таяуда SIM карта жалпыға қолжетімді болады.

Жас азаматтар да заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға белсенді атсалысып отырғанын айта кеткім келеді. Мысалы, Абай облысында студенттер, болашақ заңгерлер, 5-10-сынып оқушыларымен кездесулер өткізіп, буллинг, нашақорлық және ақша бопсалау тақырыптарында профилактикалық әңгіме жүргізді. Кездесуге арналған материалдарды прокуратура өз тексерістері негізінде ұсынды. Қазіргі таңда біз елдегі 40 жоғары оқу орнымен меморандум жасадық. Шымкентте «Таңда! Өзгер! Жасампаз бол!» атты республикалық форум өтті. Онда мектеп оқушыларына болашақ мамандықты дұрыс таңдаудың маңызы түсіндіріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қауіпсіз әрі пайдалы жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелері көтерілді. Мұндай әр қадам, идея қоғамдық санаға «Заң мен тәртіп» идеологиясын, әсіресе, жас ұрпақ арасында терең сіңіруге ықпал ететініне сенемін.

– Қылмыспен күрес – прокуратура үйлестіретін құқық қорғау саласының бүкіл жүйесіне қатысты міндет. Осы саладағы жетістіктерге тоқталсаңыз.

– Үйлестіру шаралары қылмыстың алдын алуды тұрақтандыру мәселелерін кешенді шешуге мүмкіндік береді. Бұрын да айтқанымдай, кейінгі жылдары қылмыс деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады. Әсіресе зорлық-зомбылық қылмыстары айтарлықтай қысқарды, яғни елімізде өмір сүру қауіпсіздігі артты. Бұл – барлық мемлекеттік органдардың, азаматтар мен ұйымдардың жүйелі әрі кешенді еңбегінің нәтижесі. Шетелдік сарапшылар да бұған оң баға беріп отыр. 2024 жылғы Жаһандық бейбітшілік индексінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан Еуразия аймағындағы ең бейбіт ел ретінде танылды. Бұл біздің бағытымыздың дұрыс екенін білдіреді. Алайда бүгінгі таңда бүкіл әлем, оның ішінде Қазақстан киберқылмыстың жаһандық өсуімен бетпе-бет келіп отыр.

Біз қылмыстың жаңа түрлеріне қарсы күрес мәселелерін үйлестіру кеңестерінде тұрақты түрде талқылап, оларға қарсы тәсілдер мен әдістерді әзірлеп, күштік құрылымдар ғана емес, басқа мүдделі органдар және шетелдік әріптестермен үйлесімді әрекет етуді қамтамасыз етеміз. Олардың жағдайды өзгертуге әсері байқалады. Мәселен, қазіргі уақытта болжамды-талдамалық функциясы бар ІТ-технологияларды кеңінен қолдануға көшіп, озық халықаралық тәжірибені енгізе бастадық. Есірткі бизнесіне қарсы күресте бірқатар инновациялық әдіс сынақтан өткізілді. Газ хроматографының көмегімен ауа ағындары бойынша, сондай-ақ кәріз сулары үлгілерін талдау арқылы есірткі зертханаларын анықтап жатырмыз. Интернеттегі есірткі дүкендері Tелеграмм арналарын, QR кодтар мен онлайн аударымдарды пайдаланатыны құпия емес. Сондықтан ең алдымен олардың қаржылық ағынына кедергі жасаймыз. Биылдың өзінде 20 мыңнан аса «дропперлік» шоттар мен 2,4 млрд теңгеге есірткі кірісі бұғатталды.

Прекурсорларға бақылауды күшейту мақсатында шетелдік тәжірибені зерттеп жатырмыз. Биылдан бастап АҚШ пен Литва тәжірибесіне сүйене отырып, біздің Құқықтық статистика жөніндегі комитетінің базасында прекурсорлардың тасымалы мен ішкі айналымы туралы ақпарат жинау және талдау үшін пилоттық Таргетинг-орталығы жұмыс істей бастады. Бұл химиялық прекурсорлардың айналымын толық бақылауға алуға мүмкіндік береді, оларды кім және қалай пайдаланып жатқанын көре аламыз.

Кибералаяқтыққа қарсы күресте де жаңа әдіс-тәсілдер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, шетелден анонимді қоңырау шалуға мүмкіндік беретін SIP-телефониямен күресіп, SIM-бокстарды жойып жатырмыз. Кибертоптарды әшкерелеу және алаяқтарға банк карталарын беретін адамдарды – «дропптарды», сонымен қатар алаяқтық жасауға септігін тигізетін қаржы ұйымдары, байланыс операторлары мен ХҚО қызметкер­лерін анықтап, қылмыстық жауаптылық­қа тарту әдістемесі жасалды. Кейінгі екі жылда прокуратураның үйлестіруі­мен азаматтарымызды алдап жүрген 10 халықаралық байланыс орталығының қызметі тоқтатылды.

Сонымен қатар мемлекеттік органдармен бірге заңнамалық деңгейде зардап шеккендерді қорғауды күшейтіп, тергеу практикасын қалыптастырып жатырмыз. Өткен жылы қабылданған «Банктер және банк қызметі туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес тергеу жүргізу кезінде 2,5 мыңнан аса зардап шеккен адамның 3,4 млрд теңгеден аса қарыздарын өндіріп алу тоқтатылды. Бұған қоса қосымша қорғаныс шаралары да енгізіліп жатыр. Мысалы, байланыс операторларының мәліметтері Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен интеграцияланып, алаяқтық транзакцияларды және жалған қоңырауларды бұғаттайды.

Үйлестіру кеңестерінің форматы тұрақты емес, ол қоғамның талаптары мен азаматтардың құқықтық белсенділігіне сәйкес өзгеріп отыратынын айта кету керек. Біз азаматтарымыздың осындай қоғамға жат құбылыстардың алдын алу мәселелеріне саналы әрі жауапты қарауын қолдап, ынталандырамыз. Жақында барлық өңірде Үйлестіру кеңестері аясында жұртшылықтың, бизнес-қауымдастық пен жасөспірімдердің қатысуымен «Заң мен тәртіп» идеологиясын насихаттау бойынша форумдар өтті. Осы шараларда оқушылар бірқатар қызықты жобасын таныстырды. Мәселен, Шымкент оқушылары есту және көру қабілеті төмен жандарға көмек көрсететін жүйелер жасап, қауіпсіз жүріп-тұруды қамтамасыз етуді ұсынды. Ал Батыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарының оқушылары мектептердегі жанжалдар мен буллингтің алдын алу жобаларын көрсетті. Біз жастардың мұндай бастамаларын үнемі қолдауға мүдделіміз және бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз.

– Сөзіңізден қылмыспен күресте заманауи технологиялардың рөлі зор екенін аңғарып отырмыз. Заң мен құқық тәртібін қамтамасыз етуде цифрлық технологиялар қалай қолданылады?

– Расында да, қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтарды, оның ішінде жасырын түрлерін анықтау және жолын кесу, жаңа қылмыстық қауіптерге жедел ден қою үшін жаңашыл шешімдер іздеп жатырмыз. Бізде бірегей ақпараттық-талдау жүйелері бар. БҚАРК ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл іздестіруде жүрген адамдарды анықтап, ұстауға көмектеседі. Жүйе мемлекеттік органдар мен бейнебақылау камераларының дерекқорлары арқылы адамдардың «цифрлық іздерін» табады. Іздестіруде жүрген адам камераға түскен немесе мемлекеттік қызметке жүгінген сәтте ұсталады. Жыл басынан бері іздеуде жүргендердің саны 2,5 мыңға азайды.

Көшелердегі және ашық жерлердегі құқық бұзушылықтарды анықтау үшін БҚАРК жүйесіне қосылған дрондарды қолданамыз. Мәселен, дронның көмегімен Абай облысының прокуратурасы заңсыз жер қойнауын өндіру фактісін анықтады. Бұзушылықтар бойынша кінәлілер жауапқа тартылды.

БҚАРК базасында қылмыстық-атқару жүйесінде жасанды интеллект элементтері қолданылады. Пробациядағы адамдарды бейнекамералар арқылы бақылау тәжірибесі жүріп жатыр. Егер бақылаудағы адам жүріс-тұрысына және қоғамдық орында болуға қатысты шектеулерді бұзса, жүйе сигнал береді. Бұл бұзушылыққа дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біздің бастамамызбен пробациядағы адамдар туралы ақпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Цифрлық отбасы картасы» платформасымен интеграцияланған. Бағдарлама қай мемлекеттік орган қандай көмек көрсету керектігін анықтайды. Осы форматта 200-ден аса қызмет көрсетілді. Жоба бірнеше өңірде іске қосылған.

Жалпы, цифрлық технологияларды енгізу тәжірибеміз шетелдік әріптестер арасында үлкен қызығушылық туғызып отыр.

– «Заң мен тәртіп» тұжырымда­ма­сын жүзеге асыруда бірінші кезекте не тұр? Азаматтардың құқықтық санасы ма, әлде институттар мен заңдардың тиімділігі ме?

– Бұл тұжырымдама мемлекеттің күші үкімдердің санымен емес, халықтың сенімімен өлшенетін болашаққа апаратын жол екенін баса айтқым келеді. Ал қоғамдық сана қолдамаса, ешбір заң тиімді жұмыс істемейді. Сондықтан бірінен бірін ажыратып қарауға болмайды. Заңды сақтау – жазадан қорқу емес, әр адамның ішкі сенімі. Заңды барлығы құрметтесе, қоғамда әділдік пен қауіпсіздік сезімі пайда болады. Әркім кез келген заң бұзушылыққа лайықты жауап беруі, мүлдем төзбеушілік танытуға тиіс. Себебі азамат болу – тек құқық емес, міндет екенін тағы бір мәрте айта кеткім келеді.

Заң барлығына ортақ, ал құқықтық сана әр адамның табиғи қасиеті болуы қажет. Иә, бұл жол – оңай емес. Дегенмен көп жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа азаматтардың құқықтарын қорғау институттарын нығайтты. Прокуратура тек құқық қолдану саласында емес, жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасауда да өзгеру жолына түсті. Біз кері байланысты нығайтып, тек қадағалау шараларымен айналыспай, құқық бұзушылықтарды алдын алуға баса назар аударып отырмыз. Аталған іске өз үлесін қосып жатқан азаматтарға ризашылығымыз шексіз. Бұл қоғамның кемелденіп келе жатқандығын көрсетеді.

Жалпы алғанда, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға әрбір азамат, әр ұйым және барлық мемлекеттік орган тартылуға тиіс. Әр қадамды мықты институттары мен жауапты азаматтары бар құқықтық мемлекет құруға салынған инвестиция ретінде қабылдау қажет. Сондықтан алда әлі атқарылар іс көп. Мұнда ең бастысы – іс-қимылдардың бірлігі, ортақ көзқарас пен өзара жауапкершілік. Біз бұл жұмысты табанды әрі жүйелі түрде жалғастырамыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»