Энергетика • Бүгін, 09:15

АЭС салушылар анықталды: Мемлекет қандай критерийге мән берді?

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елдегі алғашқы атом электр стансасын салу үшін халықаралық консорциум көшбасшысы болып ресейлік «Росатом» корпорациясы танылды. Бұл «Росатом» АЭС құрылысын жеке жүргізеді деген сөз емес. Консорциум шартына сай реакторды бірнеше елдің компаниясы бірлесіп салады.

АЭС салушылар анықталды: Мемлекет қандай критерийге мән берді?

Бірнеше фактор негізінде бағалау жүргізілді

Мемлекет еліміздегі тұңғыш АЭС-ті салу мәселесін ұзақ талқылады. Бұ­ған халықаралық сарапшылар да тар­тыл­ды. Ашық әрі бәсекеге қабілетті диа­лог нәтижесінде реакторлық тех­но­ло­­гиялардың жетекші әлемдік өн­діру­шілерімен келіссөз жүргізіліп, өн­ді­ріс­тік нысандарына сапарлар ұйым­дастырылды. Атқарылған жұмыс нәти­жесінде әлеуетті жеткізушілердің тізіміне «Росатом», «China National Nuclear Corporation», «Électricité de France» және «Korea Hydro & Nuclear Power» компаниясы енді.

Тізімге кірген компаниялар елде АЭС салуға техникалық және коммерциялық ұсыныстан тұратын материалдардың кешенді пакетін ұсынды. Онда келесі құрылыстың болжамды құны, жоба­ны іске асыру мерзімі, қаржылан­ды­ру моделі, жабдықтар мен құрылыс жұмыстарын жергіліктендіру тәсілдері, кадр даярлау мен ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту бойынша ұсыныс, ядролық отын цикліндегі ықпалдастық мүм­кіндіктері, әлеуметтік міндеттемелер мәселесі қамтылды. Атом энергиясы жөніндегі агенттік, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен фран­цуздық «Assystem» инженерлік компания­сы бірлесіп әзірлеген әдістеме негізінде ұсынылған реакторлық технологиялар мен басқа да ұсыныстарға кешенді бағалау жүргізілді. Бағалау АЭС қауіпсіздігі, технологиялық және қаржылық аспектілер, халықаралық тәжірибе, кадр даярлығы, жергіліктендіру деңгейі мен өзге де көрсеткіштер негізінде іске асты.

 

Маңызды шешімдерді Қазақстан қабылдайды

Жоғарыда айтқанымыздай, консорциумде Қытай, Франция және Оңтүстік Корея корпорациялары да болады. «Рос­атом» консорциумның жетекшісі болып, негізгі техникалық және қаржылық жұмысты ұйымдастырады. Қалған үшеуі (Қытай, Франция, Корея) құрылыстың белгілі бір бөлігіне қатысып, технология­мен қамтамасыз етеді. Жоба аясындағы барлық маңызды шешімді еліміз өзі қабылдайды әрі бақылайды.

«Атом энергиясы жөніндегі агент­­­­тік «Қазақстандық атом электр стан­­­­циялары» ЖШС-мен бірлесіп, «Аssystem» франциялық инжинирингтік ком­­па­ниясының қатысуымен реактор­лық технологияларға және әлеуетті вен­дор­лардың басқа да ұсыныстарына орай ортақ шешімді жариялады. Ха­лық­аралық консорциумның көшбас­шысы деп танылған «Росатом» – әлемдегі ядролық технологиялардың атасы болып саналады. Оның өте дамыған әрі тә­жі­рибелі «атом мектебі» бар. Әлем­дегі алғашқы атом электр стансасы 1954 жылы Обнинскіде жұмысын баста­ды. Айта кету керек, әлемдегі алғаш­қы ШН-350 шапшаң нейтронды өнеркә­сіптік реакторы ресейлік технология­лар бойынша салынған және біздің Ақ­тауда, Каспий теңізінің жағасында жұмыс істеген», дейді «Ұлттық ядролық орталықтың» бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Батырбеков.

Оның айтуынша, еліміз үшін қарас­ты­рылған барлық реакторлық технология тұтастай алғанда қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. 9 балдық максимал жоба­лық жер сілкінісіне төтеп бере алады және актив пен пассив қауіпсіздік жүйе­лері бар, ауыр апаттарды басқару жөнін­дегі шешімдер мен шараларды қамтиды. Сондай-ақ қос қорғаныш қабығы бар.

«Ресей мен Қытайдың халықаралық консорциумдарға қатысу тәжірибесі мол. Өйткені олар әртүрлі өндірушінің жаб­дықтарын бір жобада тиімді үйлестіре алады», дейді маман.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, салынатын АЭС-тің меншік иесі, операторы, уран шикізатын өнді­ру­шісі және барлық технологиялық үдеріс­тердің иесі Қазақстанның өзі болады.

«Конкурс арқылы іріктеудің бас­ты талаптарының бірі – стансаның отандық мамандар күшімен тәуелсіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету екенін атап өткім келеді. Атом технологиясы бойынша Ресейге тәуелділік тәуекелі өте төмен, іс жүзінде жоқ. Мұны толық жауапкершілікпен айта аламын. Бұл шарттар келісімшартта нақты бекітілген», деді А.Сәтқалиев.

 

Қытай технологиясына қызығушылық жоғары

Айтуынша, АЭС салуға ұсыныс біл­дір­ген қатысушылардың өзіне тән біре­гей технологиялары бар. Дегенмен Қытай мен Ресей ұсынған жобалар объективті түрде ең мықты болып танылды.

«Қытай Халық Республикасымен атом саласындағы ынтымақтастық жөнінде жеке бас келісімге қол қою жос­парланып отыр. Біз Қазақстанда тағы бір атом электр стансасын салу үшін қытай технологияларын пайдаланғы­мыз келеді. Жалпы, әлемде толық атом циклін өз күшімен жүзеге асыра алатын елдер көп емес. Қытай – мұндай мүмкіндікке ие, барлық қажетті технологиясы мен индустриялық, өндірістік базасы бар мемлекет. Сондықтан біздің келесі басты басымдығымыз – Қытаймен ынтымақтастық», деді А.Сәтқалиев.

Агенттік басшысы қытайлық тараппен тиісті келіссөздер жүргізілетінін мәлімдеді.

«Бізде жоғары деңгейде уағдалас­тықтар бар. Қытай тәжірибесін қабыл­дауға қызығушылық танытып отырмыз, олардың құрылысты жылдам әрі сапалы жүзеге асыра алатынын жақсы түсінеміз. Қазір осы бағытта жұмыс бас­тап кеттік. Агенттік ретінде бізге тиімді консорциум­дар құру міндеті де жүктеліп отыр», деді спикер.