Білім • Бүгін, 08:55

Демалыс қызығы – лагерьде

10 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Оқушылар тағатсыздана күткен каникулына жеткеніне де біршама уақыт болып қалды. Балалар үшін демалыстың қауіпсіз, пайдалы әрі қызық өтуі ерекше маңызды. Елімізде жазғы лагерьлер маусымы басталды. Бұл жұмыс қалай ұйымдастырылды, талапқа сай іске асып жатыр ма, жас өрендер жанына азық болар дүние алатындай сапалы ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Демалыс қызығы – лагерьде

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Мәселе Үкімет отырысында қаралды

Оқу-ағарту министрлігі өткен аптада жазғы сауықтыру, демалыс және еңбек ету жағдайын ұйымдастыру нау­қа­ны аясында 3,2 миллионнан аса бала елі­міз­дің 10 мыңнан аса демалыс орнында жазғы каникулын өткізетінін хабарлады. Оның 15 мыңнан көбі жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 186 мың бала – қала маңындағы, 2,8 млн бала мектеп жанындағы, 160 мың бала шатырлы және киіз үй демалыс орындарында демалады. Соның ішінде жазғы демалыспен әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңнан аса бала қамтылады. «Қазақстан халқына» қоры арқылы «Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде ауылдық жерлерден шыққан республикалық, халықаралық олимпиадалар мен бай­қаулардың жеңімпаздарына 10 мың жолдама қарастырылған.

Оқу жылы тәмамдалмай тұрып Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсем­баев Үкімет отырысында берген есебінде: «Жалпы, балалардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында қамтылатын жазғы еңбек, туристік, шығармашылық, зияткерлік, білім беру бағытындағы іс-шаралармен 3,4 млн баланы қамту жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар биыл балалардың сауықтыру дема­лысын, бос уақытын және жұмыс­пен қамтылуын жоғары әрі сапалы деңгейде ұйымдастыруға тиіс. Министрлік жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақ­сатында 120 мың ұйымдастырушы-педагогті арнайы дайындықтан өткізді. Осыған қоса 12 мыңнан аса студент пен еріктілерді тарту көзделген», деген еді.

Негізі 2025 жылдың жазғы сауықтыру, демалыс және жұ­мыс­­пен, түрлі бағдар­ламамен қамту жұмыстары 9 мемле­кеттік органның бірлескен жос­пары шеңберінде жүргізіледі. Республикалық және өңірлік штабтар құрылды, балалар демалысын ұйымдастыру бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Өңірлермен бірлесіп бар­лық демалыс орталығының тізімі бекітілді, олардың дайындығы респуб­лика­лық штаб отырыстарында қарал­ды. Санитарлық нормалардың, тамақ қауіпсіздігі талап­тарының, сондай-ақ судағы, ормандағы және спорт нысандарындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуына бақылау күшей­тілді. Қазір жер-жерде балалардың қауіп­сіздігін қам­та­масыз ету мақсатында санитарлық-эпид­е­миологиялық бақылау депар­таментімен бірлескен жоспар әзірленіп, іске асырылып жатыр. Аудан және қала деңгейінде ведомствоаралық топтар құрылған. Ведомст­воаралық комиссия жаз бойы бар­лық лагерьді аралап, жұмыс істейді.

 

Балаларды қандай бағдарлама күтіп тұр?

Өңірлердегі лагерь жұмыстарын шолып шықсақ, елең еткізер лагерь түрлері бар екен. Мысалы, бір ғана Астана қаласында 55 200 оқушыны қамтитын 92 мектеп жанындағы, 11 520 оқушыны қамтитын 192 бейінді, 142 298 оқушыны қамтитын 10 жоба аясындағы тақырыптық жобалар, 1 400 бала бара алатын қала сыртындағы лагерь ашылып отыр. Осыған қоса елорданың 13 қосымша білім беру ұйымының базасында тақырыптық күндізгі лагерьлер, сондай-ақ қолданбалы өнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқа мерзімді үйірмелер ұйымдастырылған. Бас-аяғы биылғы жазғы маусымда Астана қаласы бойынша 1–10 сынып аралығындағы 210 мыңнан аса оқушыны жазғы демалыс­пен қамту жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы 11 мыңнан көп бала да жаз мезгілінде тегін демалуға мүмкіндік алады.

Ал Павлодар облысында колледж­дерде бейінді лагерьлер ашылған. Бұл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірдегі түрлі колледжде қолға алынған мұндай лагерьдің негізгі мақсаты – оқушыларға кәсіби бағдар беру, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын насихаттау және түрлі саладағы сұранысқа ие құзыреттермен таныстыру. Айталық, бір мезетте Павлодар қаласындағы №6, №22 және №35 мектептерінен 150 оқушысына колледж студенттері «Қазақстан халық­та­рының ұлттық тағамдарын білу» тақы­ры­бындағы танымдық викторина, оқу орнының жұмыс бағыттарын көрсете­тін фотогалерея ұсынды. Содан соң қонақ­тарды қабылдау, орналастыру, қонақтың қонақүйден шығуы секілді қарапайым дағдыларды үйрететін «Қонақүй сервисі», карамель шамын пайдалана отырып, кондитерлік өнімдер дайындап көрсететін «Кондитерлік іс», жарма мен ұнтақталған тәттілер арқылы сурет салу өнеріне бау­литын «Фэшн фуд», сүтті коктейльдер да­йындау және дәм тату, майлықтарды бүктеу әдістерін тамашалауға мүмкіндік беретін «Мейрамхана сервисі» шеберлік сағаттары өткізілген.

Мұндай бейінді лагерьлер ауыл балаларын да қамтып отыр. Мәселен, Павлодар облысының Кемеңгер ауы­лында орын тепкен «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі 6–8 сынып оқитын 50 оқушыға жазғы лагерь ұйымдастырып отыр. «Лагерь аясында қатысушылар «Агрономия», «Ветеринария», «Ауыл шаруашылы­ғын механикаландыру», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйе­лері», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» бағыттары бойынша 72 сағаттық қысқартылған тәжірибелік курстардан өтіп жатыр. Практикалық сабақтар барысында балалар гүл көшеттерін отырғызып, ауыл шаруашылығы техникасының құрылымын зерттеп, оқу тренажерлерінде машықтанып, жануарлар мен өсімдіктердің ауру түрлерін ажыратуды үйренеді. Сонымен қатар олар жолда жүру ережелері мен цифрлық қауіпсіздік негіздерін меңгеріп, фактчекинг дағдыларын да жетілдіріп жатыр. Бағдарлама соңында қатысушыларға алған білімі мен дағдылары жөнінде арнайы сертификаттар табысталмақ. Бұл өз кезегінде оқушыларға жұмысшы мамандықтарының қыр-сырын таныс­тырып, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға жол ашады», дейді «Ertis» колледжі директорының орынбасары Махамбет Аскарұлы.

Біреу білсе, біреу білмес, республика­мызда жазда ғана емес, жыл бойы жұ­мыс істейтін лагерь де бар. «Жас дәу­рен» деп аталатын сондай лагерь Ақмо­ла облысының Сандықтау ауылында орна­лас­қан.

«Біздің лагерь 2023 жылы Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында ашылды. Жыл бойы жұмыс істеп балаларды қабылдау мүмкіншілігі бар, оқушылар демалыс кезеңдерінде лагерьге келіп тынығуына болады, сонымен қатар лагерьде түрлі аудандық, облыстық іс-шаралар өтеді, өйткені жататын, тамақ ішетін, жиын өткізетін орындар қамтамасыз етілген. 12 тәлімгер, 40-тан аса педагог маман жұмыс істейді. Лагерьде 1 ауы­сымда 99 бала демала алады», дейді «Жас дәурен» лагерінің директоры Арман Ғалымтайұлы.

Оның айтуынша, «Жас дәу­рен» лагеріндегі бірінші ауысымында шеберлік академиясы болған. Мұнда балалар тек демалып қана қоймай, өздерін дамытып, шығармашылықпен айналысып, тереңірек тани түсті: ағаш өңдеу сабақтарында жас шеберлер өз қолдарымен керемет бұйымдар жасады; спорттық секциялар қатысу­шылардың жігерін шыңдап, командамен жұмыс істеуді үйретті; би үйірмелерінде балалар музыка ырғағымен өздерін еркін көрсетіп, лагерьлік шоуға дайын­­далды; аэродизайн бойынша шебер­лік сағаттарында әуе шарларымен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді; ал «Гар­мония» бөлмесінде ішкі тепе-теңдік пен жан тыныштығын табуға мүмкіндік болды. Мұның барлығы – жай ғана демалыс емес, балалардың есінде ұзаққа сақталатын құнды тәжірибе болуын көздейтін іс.

 

Қауіпсіздік бірінші орында

Жауапты министрлік дерегіне сүйен­сек, осы жазда еліміз бойынша 10 мыңнан көп лагерь жұмыс істейді, оның ішінде 17 жыл бойы жұмыс істе­й­тін, 198 маусымдық сауықтыру орта­лығы және 10 мыңнан аса мектеп жанындағы лагерь бар. Балалар дема­лы­сының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында сауықтыру нысандары­на қойылатын талаптар алгоритмі әзірленіп, енгі­зілді. Бұл алгоритмде санитарлық-гигие­налық нормалар мен қызмет көрсетудің жоғары стандарттарын кезең-кезеңімен қамтамасыз ету шаралары көзделген.

Ал жалпы жазғы каникулды ұйым­­дастыру және балалардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету Оқу-ағарту министр­лігі мен Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт министр­ліктері тұрақты бақылауға алып отыр. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі республикалық штаб және өңірлерде жергілікті штабтар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар санитарлық нормалар, тамақ қауіпсіздігі талаптары, сондай-ақ су айдындарында, орман алқаптарында және спорт нысандарындағы жүріс-тұрыс ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді. Сауықтыру орталықтарының бірыңғай тізілімі құрылды.

Жазғы каникул кезеңінде еліміз бо­йынша 20 жедел желі мен колл-орталық жұмыс істейді. Оған балалар лагерьлерін ұйымдастыру мен жұмысындағы бұзушы­лықтар анықталған жағдайда ауызша немесе жазбаша түрде өтініштер мен шағымдар жолдауға болады.

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті Қосымша білім беру басқармасының басшысы Асқар Советұлының бізге берген ақпаратына қарағанда, жаз бойы жедел желі мен колл-орталықтарына және тікелей білім басқармаларына әртүрлі өтініш түсіп жатады. Бүгінде көпбалалы ата-аналар тарапынан және аз қамтылған отбасылар­дың балаларын, ауыл балаларын лагерьге жіберу жайлы өтініш түсіп жатады. Өтініштерді министрлік жергі­лікті білім басқармаларымен жекелеген түрде шешуге атсалысады. Егер ата-ана­лар тарапынан лагерьлердің қызмет көр­сету сапасына қатысты сын болған жағ­дайда жекелеген түрде санитарлық-эпи­­де­миологиялық департаменті және бі­лім саласының өкілдері аталған лагерь­ге шығып, арыз негізінде мән-жайды тексереді.

«Өңірлерде ведомствоаралық штаб жанында құрылған комиссия мүшелері лагерьлердің жазғы маусымға жалпы дайындығын тексереді. Осы жылдың жазында жұмыс бастауды жоспарлап отырған балалар сауықтыру орталықтарының тізбесі жасалды. Ведомствоаралық штаб құрамына білім басқармасы, денсаулық сақ­тау басқармасы, санитарлық-эпиде­мио­логиялық департаменті, полиция департаменті, төтенше жағдайлар жөнін­дегі департамент өкілдері кіреді. Сондай-ақ еліміздің барлық лагеріне жыл сайын са­ни­тарлық-эпидемиологиялық де­пар­­таментімен тиісті қоры­тын­ды беріледі. Санитарлық-эпидемиологиялық рұқ­саттама алма­ған лагерьлердің жұмысына рұқсат берілмейді», дейді А.Советұлы.