Қоғам • Бүгін, 09:55

Болашаққа жасалған қамқорлық

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, іске асырылып жатқан бірегей бағдарламалардың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Бұл – өскелең ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық бастама. Негізгі мақсаты – ел байлығын әділ бөлу, ұлттық ресурстардан түсетін табысты балалардың болашағына инвестициялау.

Болашаққа жасалған қамқорлық

Жоба бойынша Ұлт­тық қордың инвес­тициялық кірісінің 50%-ы жылына бір рет 2006 жылы және одан кейін туған, Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін балалар арасында бөлінеді. 2024 жылдан бері елімізде туған әрбір балаға Ұлттық қордан арнайы шот ашылып, жыл сайын оның атына қаражат аударыла бастады. Қаржы 18 жасқа толғанда оқуға немесе тұрғын үйге пайдалануға беріледі.

2025 жылғы 1 маусымдағы жағ­дай бойынша 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ 13,34 млн АҚШ долларына 108 694 өтініш орындап, өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға жолдады. Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 7,95 млн АҚШ долларына 64 325 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін 5,38 млн АҚШ долларына 44 369 өтініш орындалды. Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтар­ды алушы барлық соманы немесе ­оның бір бөлігін пайдалануға құқы­лы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында қала береді.

Тұрғын үй жағдайларын жақ­сарту аясында жастар қаржыла­рын көбіне: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жи­нақ­тарындағы салымды толық­ты­ру­ (7,77 млн АҚШ долларына 62 749 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу (57,78 мың АҚШ долларына 496 өтініш), азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (44,69 мың АҚШ долларына 407 өтініш) мақсатында пайдаланды.

Білім алу ақысын төлеу жөнін­дегі ең танымал мақсаттар: ел аума­ғында орналасқан білім ұйым­дарының білім беру қызметте­ріне үлестермен (әрбір академия­лық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (4,79 млн АҚШ долларына 39 065 өтініш), білім алу үшін жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім алу жинақтау салымын толықтыру (437,15 мың АҚШ долларына 3 935 өтініш), шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтері­не үлестермен (әрбір академия­лық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (122,91 мың АҚШ долларына 1 113 өтініш орындалды) болды.

«БЖЗҚ» АҚ мәлім еткендей, 2023 жылы барлық нысана­лы жинақ салымшыларына 100,52 АҚШ доллары, 2024 жылы 129,38 АҚШ доллары есептелген. 2006 жылы ту­ған азаматтарды қоспағанда, 2023 жылы Ұлттық қор­дан алғашқы қаражат есептелген балаларға биылғы жылы 3,04 АҚШ доллары мөл­шерінде инвестициялық кіріс жазылған. Нәтижесінде, 2006 жылы туған баланың нысаналы жина­ғы 100,52 АҚШ долларына тең болса, 2007 жылы туған баланың нысаналы жинақтау шотында 232,94 АҚШ доллары жинақталды.

Кәмелетке толған азаматтар өздерінің нысаналы жинақ туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның немесе электрондық үкіметтің интернет-ресурстарындағы жеке кабинеті арқылы өз бетінше алуға тиіс, содан кейін уәкілетті операторға АҚШ долларында банктік шот ашып, тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алу ақысын төлеуге нысаналы жинақ төлеміне онлайн-өтініш беру үшін жүгіне алады.

«Ұлттық қор – балаларға» – болашаққа жасалған қамқорлық, экономикалық әділеттілік пен ұрпақ сабақтастығының нақты көрінісі. Бағдарлама арқылы әр бала ел байлығынан үлес алып, байыпты білім алуға немесе жеке өмірге қадам басуға материалдық негіз қалыптастырады, өз ісін бастауға немесе жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндік алады. Болашақ буынды қаржылық қолдау – адами капиталды дамыту, сауатты, әлеуеті жоғары ұрпақ тәрбиелеудің тетігі. Жас қауым ерте жастан жеке қаржысын басқаруға үйреніп, жинақ жасау мен дұрыс жұмсау дағдыларын меңгереді.