Үкімет • Бүгін, 09:00

Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны байқалады

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, онда мемлекеттік саясаттағы маңызды мәселелер, еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болатын республикалық бюджеттің атқарылуы жайы қаралды. Отырыста депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның өткен жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдады.

Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны байқалады

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қаржы министрі Мәди Такиев Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатасының 2024 жылға арналған респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін ұсынып, баяндама жасады. Қаржы министрі алдын ала мәліметтер бойынша ІЖӨ-нің нақты өсімі 4,8%-ға жеткенін атап өтті. Ал бюджет түсімдері 98% орындалып, шамамен 20 трлн теңгеге артқан. Шығыстардың көлемі – 23,5 трлн теңге.

– Осылайша, бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгеге немесе ІЖӨ-ге шаққанда 2,7%-ға тең болды. Инфляция 2023 жылмен салыстырғанда 9,8%-дан 8,6%-ға дейін төмендеді. Тұтастай алғанда, Үкімет барлық әлеуметтік міндеттемені орындады, оның ішінде өңірлерді қолдауға 7,1 трлн теңге, әлеуметтік салаға 8,8 трлн теңге бағытталды, – деді М.Такиев.

Жалпы, республикалық бюджеттің кірісі бойынша жылдық жоспар 97,2% орындалып, бюджетке 19,6 трлн теңге түскен. Дегенмен өндіру, шығару және жеткізу көлемдерінің төмендеуі, сондай-ақ геосаяси тұрақсыздықтан туындаған логис­тикалық шығындардың ұлғаюы салдарынан 188 ірі кәсіпорын бойынша түсімдердің 1,4 трлн теңгеге төмендеуі тіркеліпті.

Сондай-ақ Қаржы министрі екінші маңызды фактор ретінде бюджеттен қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару­дың бұрын-соңды болмаған өсімі тіркел­генін жеткізді. Өткен жылы бұл сома 1,2 трлн теңгеге жетті. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда бұл үш есеге көп (430 млрд теңге). Сонымен қатар биылғы алғашқы бес айда 673 млрд теңге қайтарылды және жыл соңына қарай былтырғы жылмен ұқсас көрсеткіш тіркеледі деп болжанып отыр.

Есепті кезеңде бюджеттік шығыстар 98% орындалып, 23,6 трлн теңге болған. Ал 526 млрд теңге игерілмей қалған, оның 12 млрд теңгесі – Үкіметтің резервтік қорынан бөлінбей қалған сома.

– Осыған қарамастан бір жылда әлеуметтік маңызы жоғары басымдыққа ие бағыттарға қаржыландыру жасалды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджеттен 93,8 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса халықтың әлеуметтік осал топтарынан 4 557 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Инфрақұрылымдық даму шеңберінде 3 412,2 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және жаңғыртылды. Сондай-ақ 90,1 шақырым жылу желілері жөнделді, – деді Қаржы министрі Мәди Такиев.

2024 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуын қорытындылай келе, еліміздің бас есепшісі Үкімет макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, барлық әлеуметтік міндеттемені орындағанын және орнықты даму бағытын сақтап қалғанын сеніммен айтуға болатынын атап өтті.

Ал Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов осы мәселеге қатысты қосымша баяндама жасап, 2024 жылы кірістер бойынша болжам бастапқыда бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмендетілгенін айтты.

– Былтыр сәуірде мемлекеттік жос­парлау жүйесі жаңартылды. Алайда орталық мемлекеттік органдар даму жоспарын уақтылы бейімдей алмады. Салдарынан мемлекеттік органдардың даму жоспарының 7 негізгі ұлттық индикаторына және 20 нысаналы индикаторына қол жеткізілмеді. Өткен жылғы кіріс бойынша болжам бастапқыда бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмендетілді. Бірақ нақтыланған жоспар да 609 млрд теңгеге орындалмаған, – деді Ә.Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.

Өткен жылы Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 360 аудиторлық іс-шара жүр­гізіп, онда анықталған қаржылық бұзу­шылықтардың жалпы сомасы 81 млрд теңгені құраған.

Жоғары аудиторлық палата 214 нысанда шамамен 11 трлн теңгені құрайтын 27 аудиторлық іс-шара жүргізген, сондай-ақ 10 мыңнан аса рәсімдік бұзушылықтар анықталыпты.

Қос баяндамадан кейінгі сұрақ-жауап бөлімінде депутаттар республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты біраз түйткілді мәселені көтерді. «Amanat» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев былтырғы республикалық бюджеттің орындалуында жүйелі проблемалар мен кемшіліктердің аз емес екенін айтып өтті.

– Мемлекет басшысының қатаң ескер­туіне қарамастан, былтыр бюджетті толтыру үшін Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге алын­са, биыл тағы да 5,3 трлн теңге жараты­лады. Яғни былтырғы бюджеттің 25%-ы, биылғы бюджеттің 23%-ы Ұлттық қор есебі­нен толтырылмақ, – деді Е.Бейсенбаев.

Ал бюджеттің игерілу туралы есебін бекітуді дауысқа салғанда отырысқа қатыс­қан 91 депутаттың 72-сі жақтаса, 17 депутат қарсы болды, екеуі қалыс қалып, қаулы жобасы басым дауыспен қабылданды.

Ал талқыланған басты тақырыпты қорытындылаған Ерлан Қошанов талқылау кезінде байыпты сын да, ұтымды ұсыныс да көп айтылғанын атап өтті.

– Мұны бүгінгі дауыс берудің нәтижесі де көрсетті. Үкімет өз жұмысында оларға баса назар аударуға тиіс. Бұрын бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты біраз сұрақ туындайтын. Биыл, өкінішке қарай, бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кеткен кемшіліктерге байланысты мәселелер орын алып отыр. Соның салдарынан Ұлттық қордан қаражат алу мен сырттан қарыз алу көлемі артып келеді. Депутаттардың бұл алаңдаушылығы орынды деп санаймын. Тиісті мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша қорытынды жасаулары керек, – деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ палата спикері Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Бюджет кодексі әзірленгенін де айтты. Онда бұрыннан келе жатқан түйткілдердің дені ескерілген. Жалпы, Е.Қошанов жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік қаржы жүйесін толығымен қайта жаңғыртып, Үкіметтің дербес жауапкершілігін арттыруға тиіс екеніне тоқталды.

Ал көтерілген мәселелер жаңа Салық кодексін қабылдаудың өзектілігін тағы да көрсетіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы биыл жағымды өзгеріс­тер бар екенін айтты.

– Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны біртіндеп үдеп келе жатқаны байқалады. Кейінгі бес айда ішкі жалпы өнімнің өсімі 6 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі – 18 па­йыз. Барлық әлеуметтік міндеттеме толық көлемде орындалып жатыр. Бұл Мемлекет басшысының экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі нақты тапсырмаларының нәтиже беріп жатқанын көрсетеді. Ендігі кезекте осы қарқынды бюджет кірісінің нақты өсіміне ұластырып, инфляция мен бағаны төмендетуге оң ықпал етуіне бағыттауымыз қажет, – деп сөзін түйіндеді Ерлан Жақанұлы.

Мәжіліс 2024 жылғы 12 желтоқсан­да Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы) ратификациялады. Жоба нәтижесінде республика бойынша 1 123 ауылдың 2,3 миллионға жуық тұрғыны (550 мың үй шаруашылығы) жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алады. Бұл – тұрақты әрі қауіпсіз талшықты-оптикалық байланыс желілер технологиясы.

Сондай-ақ депутаттар «қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржылан­дыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Түзетулер салалық заңнаманы Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобы (ФАТФ) ұсынымдарына сәйкес келтіру үшін әзірленген. Заң арқылы қаржылық мониторингтің жаңа субъектілері енгізіледі.

Жалпы отырыс барысында Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның жаңартылған құрамын бекітті. Оның құрамына бұрынғы депутаттар Асқар Садықов пен Гауһар Танашеваның орнына Серік Ерубаев пен Ирина Смирнова кірді.