Үкімет • Бүгін, 09:05

Моноқала мүмкіндігі молаяды

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңес өткізді.

Моноқала мүмкіндігі молаяды

Жиында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Өнер­кәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлек­паев, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин баяндама жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалалардың экономикасын әртараптандырудың маңыздылығына тоқталып, жаңа жұмыс орындарын ашу аса өзекті мәселе әрі моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір керектігін айтқан еді. Қазір елімізде шамамен 1,5 млн адам тұратын 20 моноқала бар. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес олардың үлесіне өнеркәсіп өндірісі көлемінің үштен бірінен астамы тиесілі. Былтырғы қорытынды бойынша бұл көрсеткіш 36,4 пайызды құрады. Олардың қатарында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, өркендеудің жаңа бағыттарын анықтау, IT, АӨК, туризм және ғылым салаларынындағы инвестициялық жобаларды іске асыру, көлік дәліздері бойындағы сервистік қызметті дамыту, индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтар қалыптастыру шаралары бар. Жаңа өндірістік қуатты орнықты жүктеуге бағытталған отандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімдер тетігін одан әрі дамытуға және қолдануға ерекше назар аударылды.

Премьер-министр Екібастұз қаласы эко­номикасын көтерудің және әр­тарап­тандырудың орнықты сер­пінін атап өтті. Бұл ретте 800-ден астам жұ­мыс орнын аша отырып, құны 138,4 млрд теңге болатын ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске қосу, сондай-ақ индустриялық аймақ қалыптастыру маңызды рөл атқарды.

–  Моноқалалар «өсуге ықпал ете алатын» аймақтарға айнала алады. Біз бұған «жасыл» технологиялар мен цифрлық инфрақұрылымның немесе креативті экономиканың даму мүмкіндіктері ретінде қарауымыз керек. Болашақ индустриясы осындай шағын қалаларда бастау алуы керек. Моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға баса назар аудару қажет. Бұл олардың экономика­сын көтеруге және моноқалалар қатары­нан шығуына мүмкіндік береді. Мысалы, қазір­гі уақытта Екібастұз эконо­ми­ка­лық құрылымы әртүрлі, көпсала­лы қала­ға айналуда. Яғни ол үшін моно­қала мәр­тебесі өзекті емес. Заманауи стан­дарт­тарға сәйкес келетін жаңа инфра­құ­рылымдық саясат құру бойынша жұ­мысты күшейту қажет, – дейді О.Бектенов.

Мұнымен қоса Премьер-министр тұрақты дамудың негізгі шарты жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау екеніне тоқталды.

– Ең басты мәселе – моноқалаларға инвесторлар тарту. Біз, әрине, әрбір қалада аурухана, мектеп, стадион және басқа да әлеуметтік нысандар сала аламыз, бірақ жұмыс болмаса, ешкім ол жақта тұрмайды. Сондықтан инвесторлар тартуымыз керек, оларға қажетті жағдай жасау қажет. Оларға бос тұрған ғимараттарды, жер телімдерін ұсынып, жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау керек. Егер мұндай тәсіл болмаса, онда ешқандай даму болмайды. Сондықтан ең басты мәселе – инвесторлар тарту. Біз қазір Саран, Екібастұз және басқа қалаларда нәтижелер бар екенін көріп отырмыз, бірақ бұл бағытта белсендірек жұмыс істеу керек, – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Бұл ретте бизнесті қолдау жүйе­сінде жергілікті деңгейде қосымша құралдарды қолдану маңызды. Атап айтқанда, әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациялар (ӘКК) жұмысының маңыздылығы және олардың экспортқа бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.

Қарағанды облысының әкімі Ер­мағанбет Бөлекпаевтың сөзіне сүйенсек, өңірде жақын арадағы үш жылда моноқа­лаларда 6 трлн теңгеден астам өнеркәсіптік өнім өндіру және 2,3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 4 па­йыздан, инвестиция 5 пайыздан асады деп күтілуде. Бұл облыстың өңдеу өнеркәсібін 9 пайызға, жалпы өңірлік өнімін 7,6 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді.

– Қарағандыдағы 4 моноқалада облыс халқының 30 пайызы тұрады. Өңірде іскерлік және инвестициялық белсенділік артып келеді, бұл жалпы экономикаға оң әсерін тигізіп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өсу қарқыны 11,3 пайызға жетті. Облыстың жалпы өңірлік өнімі  9 трлн теңгеден асты, 45 пайызын өнер­кәсіп құрайды. Сол өнімнің жартысынан көбі моноқалаларда шығарылады. Өткен жылы экономикаға 1,4 трлн теңге инвестиция құйылды, оның 40 пайызы – моноқалаларда. 90 пайызы – жеке инвес­тициялар. Биыл облысқа 1,5 трлн теңге инвестиция тартуды көздеп отырмыз, – деді облыс басшысы.

Моноқалаларды әртараптан­­дыру­дың бірінші кезеңінде өңірдің жетек­ші экономикалық және техникалық университеттерімен бірге ғылыми зерттеулер өткізіліп, олардың даму болашағы әзірленді. Нәтижесінде, «Qarmet» өндірісі бар 3 моноқала Қарағанды агломерациясын дамыту құрамына кірді. «Қазақмыс» өндірісі бар Балқаш қаласын жеке кешенді жос­пар бойынша дамыту қолға алынды.

Жүйелі трансформацияны қам­тамасыз ету үшін Премьер-министр бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Қарағанды облысы