
Аталған заңда еліміз үшін басым спорт түрлерін айқындаудың жаңа, объективті әдістемесі белгіленген. Бұған дейін мұндай спорт түрлерінің тізімі көбіне субъективті бағалауға, жекелеген спорт түрлерінің танымалдығына немесе дәстүрлі тәжірибеге сүйеніп жасалатын. Ендігі кезекте іріктеудің негізгі өлшемі ретінде ұлттық құрамалардың Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындарындағы нақты жетістіктері есепке алынады.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта 60-тан астам басым спорт түрі анықталған. Олардың шамамен 30-ға жуығы еліміздің барлық өңірінде дамытылып келеді. Сонымен қатар заңда өңірлік деңгейде де басым спорт түрлерін бекіту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте жергілікті жердің спорттық дәстүрлері, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен жаттықтырушылық әлеуеті ескеріледі. Мұндай икемді тәсіл спорт саласына бөлінетін ресурстарды тиімді пайдалануға және ел көлемінде спортты теңгерімді дамытуға ықпал етеді.
Құжаттағы тағы бір маңызды жаңалық – «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымының заңнамалық негізде бекітілуі. Жаңа норма бірінші топ мүгедектігі бар спортшыларға спорттық жарыстар мен іс-шараларға қатысу барысында ресми сүйемелдеу қызметін пайдалануға құқық береді.
Қазіргі таңда елімізде мүгедектігі бар азаматтардың жалпы саны 700 мыңнан асады, оның ішінде 98 мыңнан астамы – балалар. Сүйемелдеуші тұлғаға ресми мәртебе беру – спортшылардың жаттығу мен жарыс орындарына қолжетімділігін арттыру, олардың құқықтарын қорғау және инклюзивті спортты дамыту бағытында маңызды қадам саналады.