
Мысалы, жаз жайлауда ақкөт торғай бүркіт сияқты алымыр құстарды көре қойып, шықылықтағанда суырлар ініне кіріп кетеді. Яғни ол суырларға «тіл қатып» қауіптен сақтандырады. Бүркітті көрген құзғын құрқылдап даланың жайылып жүрген қоңыр аңы туралы хабар береді. Өйткені оның өзіне тамақ керек. Бүркіттен қалған жемтікті жеп қарқ болады.
Қысқасы, тәжірибелі аңшылар, саятшы-құсбегілер түрлі құстардың сайрауынан, яғни қандай жағдайда, қандай дыбыс шығаратындықтарын болжап, қайда қандай аң кетіп бара жатқанын парықтай білген. Бұл тәжірибелерін шәкірттеріне үйретіп отырған.
Мысалы, Шыңжаң-Алтай өлкесінде тұратын танымал этнограф Нұрила Қызыхан 2010 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Аңшылық хикаялары» атты кітабында: – Әкей үйде отырып «бүркіт кетіп барады» деп сыртқа шығушы еді, – деп жазады. Расында, ауыл маңындағы қырқа-қыраттарды бөктерлей ұшып, бүркіт кетіп бара жататын.
«Әке, сіз үйде отырып, сыртта бүркіт ұшып бара жатқанын қалай білдіңіз?» деп сұрайды қызы. «Назар салып байқасаңыз, даланың торғай, шымшық, сауысқан, қарға сияқты ұсақ құстар құзғын ұшып бара жатса бір түрлі, бүркіт ұшып бара жатса бір түрлі, басқа аң-құс бір түрлі сайрайды. Бұлардың өзара түсінісетін тілдері бар. Әлгінде, қарға, сауысқандар бүркітті көріп, шуылдап қалған сәтте оны естіген түлкі, қояндар дереу қалқа тауып жасырынып жатып қалады», деген екен әкесі.
Сол сияқты журналист-зооинженер Сағидолда Көшімбаев «жетісулық атақты бүркітші Әбілхақ Тұрлыбаев бірнеше күн сыртта жүріп үйіне оралды» деп жазады. Сол сәтте тұғырда отырған бүркіті иесін көріп, біртүрлі піштәқтап қоя береді. Оның піштәғын естіген бүркітші «мен кеткелі мына бүркітке тамақ бермегенсіңдер ме, қарным ашты деп айтып жатыр» депті. Яғни иесі құсының «мен ашпын» деген тілін түсінген.
Тағы бір дерек: атақты құсбегі Шораның бір бүркітін күйеубаласы қалап алады. Бірақ бұл жігіт бүркіттің бабын таппай қинайды. Ақыры бір күні ашынған құс өзіне түседі. Оқиғадан хабар алған Шора келеді. Шөкеңді көрген бүркіт біртүрлі піштәқтап мұңын шағады. Құстың тілін түсінген атақты құсбегі күйеубаласына «мына бүркітті неге сабайсың» деп ренжиді. Сонда барып жігіт «бабын таба алмай сабағаным рас» деп мойындайды. Бүркітке бір қарап, күйеубаласына бір қараған Шора: «мына құс енді саған қол болмайды» деп ұшырып жіберіпті.