
Күніне 80 мыңға жуық көлік қатынайды
Көпір – қаланың оңтүстігі мен солтүстігін ғана емес, Азия мен Еуропаны, ұлан-ғайыр дала мен Сібірді байланыстыратыны маңызды. Алты жолақты құрылым көлік қатынасын реттеп, қаланың өзге бөліктеріне жетуді жеңілдетті. Күніне 60-80 мыңдай көлік өтеді. Мұны стратегиялық нысан ғана емес, қарт қалаға ажар беріп тұрған бірегей архитектуралық ансамбль және тарихи Семей шаһарына келушілер мен өңір халқының көрікті орны десек еш қателеспейміз.
Нысан құрылысымен жапонның «Аячай» фирмасы айналысқан. Фирма көпірдің қаңқасын Жапонияда жасап, алдымен су жолымен, кейін теміржолмен Семейге жеткізген екен. Сонымен қатар көпір бетіне табиғи асфальт төсеген, мұны Кариб бассейніндегі Тринидад аралындағы әйгілі Pitch Lake-тен жеткізгені туралы дерек.
Заманауи технология қолданылады
Көпірдің су бетіндегі ұзындығы – 750, жалпы ұзындығы – 1 086, биіктігі – 90, ені – 35 метр. Тіреулерінің арасы 300 метрден асатын еліміздегі жалғыз аспалы көпір саналады. Мұндай жоба ТМД елдерінде жоқтың қасы. Семейдің аспалы көпіріне ұқсас озық гидротехникалық құрылыстарды Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Дания, Норвегия, АҚШ сияқты әлемнің дамыған елдерінен көруге болады.
Жұмыстың жалпы құны – 300 892 857 теңге. Асфальтты ауыстыру үшін 80-ге жуық құрылысшы екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. 20-дан астам техника тартылған. Құрылыс жұмыстарының сапасы әкімдік тарапынан қадағаланып отыр. Өңір басшысы Берік Уәлидің айтуынша, салынғанына ширек ғасыр өтсе де, көпір бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген.
«2000 жылдан бері асфальт төсемі толық ауыстырылмай, 25 жыл бойы жамап-жасқап, ой-шұңқырларын бітеп келген. Алғаш рет осындай ауқымды жұмысты қолға алып жатырмыз. Уақытша шектеулерге халық түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Жұмыс барысында заманауи технологиялар қолданылады. Жөндеу жұмысын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мамандары қадағалайды», деді облыс әкімі.
Шаруаның 30 пайызы тәмам болды
«Көпірге қалыңдығы 5 сантиметр болатын бір қабат асфальт төселеді. Себебі өткел металл құрылымдардан тұрады. Ал асфальт қалың болса, тиісінше көпірдің салмағы да ауырлай түседі. Бұл оның құрылымына зақым келтіруі мүмкін», дейді мердігер компанияның өкілі Руслан Дүскенов. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ОФ директоры Хамзат Сұлтанов қолданып жатқан материалдардың сапасы жіті бақылауда дейді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мерей Байырханның баяндауынша, қазірге дейін жұмыстың шамамен 30 пайызы орындалды.
«13 575 шаршы метр жол жабыны алынып, 9 375 шаршы метр металл беті арнайы щеткалармен тазартылды. Қазір металл бетті технониколь №08 полимерлік праймерімен топырақты бекіту және гидрооқшаулағыш қабат төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Көпірге төселетін жаңа жол жабындысы бұрынғыдай бетон емес. Оның орнына полимерлік қоспалары бар, СТ РК 1225-2019 және СТ РК 1684-2017 талаптарына сай келетін А түріндегі I маркалы асфальтбетон төселеді. Бұл – қозғалысқа төзімді, берік әрі заманауи материал», дейді Мерей Бақытбекұлы.
Қалада құны 47 млрд теңге болатын тағы бір жаңа көпірдің құрылыс жұмысы жалғасып жатыр. Жақын арада жаңа көпір қолданысқа берілсе, кептеліс азайып, көлік қатынасын реттеуге мүмкіндік тумақ.
Абай облысы