
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Республика көлемінде жаппай ұйымдастырылып келе жатқан іс-шараның кезекті кезеңі биыл 19 сәуірде бастау алды. Жыл сайын оның ұзақтығы бір айға созылады. Дегенмен биыл мамырдың 19-ында айлық іс-шараны қорытындылаған тәртіп сақшылары оны тағы бір айға созу туралы шешім қабылдады.
Ішкі істер министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, «Қауіпсіз жол» рейдтік іс-шарасына 9,5 мыңға жуық полицей мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілі, оның ішінде көліктік бақылау инспекциясы мен «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның 400-ге жуық қызметкері қатысқан. Алғашқы айдың ішінде 246 мыңнан аса жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. «Қорғау» жүйесі арқылы жалған нөмірлер таққан немесе мүлдем нөмірсіз көліктерді анықтауға баса назар аударылыпты. 13 мыңға жуық автокөлік автотұрақтарға қойылса, оның 2,5 мыңы мопед пен шетелдік есепте тұрған 700-ге жуық көлік бар.
«Жолдағы жағдай нақты шараларды қабылдауды қажет етеді. Сондықтан жол-көлік оқиғаларының, әсіресе адам шығынына әкеп соқтыратын апаттардың алдын алу үшін ІІМ «Қауіпсіз жол» алдын алу іс-шарасының мерзімін тағы бір айға ұзарту туралы шешім қабылдады», деп мәлімдеді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Кез келген жайтты естімек бір бөлек те, көрмек мүлдем басқа. Интернеттен жүз рет хабар алғанша, бір рет барып көзімізбен бақылап қайтайық деген ниетпен Полиция күні қарсаңында газетіміздің фототілшісімен бірге бір күн полиция қатарына қосылып, көше қауіпсіздігін қадағалау іс-шарасына қатысқан едік. Қалам-қағазымыз бен фотоаппаратымызды сайлап жорыққа шыққан бізді Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің взвод командирі, полиция капитаны Әуелхан Мұталхан қарсы алды.
«Кейінгі кезде елорда көшелерінде көлік саны артты. Олардың бәрі бірдей жол ережелерін сақтай бермейді. Бұл өз кезегінде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп-қатер тудыратыны белгілі. Осыған байланысты ІІМ жыл сайын «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын өткізеді. Оның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды құрықтау», дейді ол.
Сонымен қатар полиция капитаны жаяу жүргіншілердің тәртібіне, мектептер мен балабақшалар маңында патрульдік бақылауды күшейтуге, көліктердің техникалық жағдайын тексеруге, іздеуде жүрген адамдар мен көліктерді анықтауға да баса назар аударылатынын жеткізді.
Біз Әуелхан Ибаділлаұлынан қазіргі таңда күнделікті қызмет барысында жиі тіркелетін ереже бұзу жағдайлары жайында сұрадық. Оның айтуынша, көбіне қаладан тыс жерлерде және түнгі уақытта жылдамдықты шектен тыс арттыру, көлік жүргізіп келе жатып ұялы телефон қолдану, балаларды арнайы автокреслосыз алып жүру, мас күйінде көлік жүргізу, жол белгілері мен бағдаршам сигналын елемеу секілді ереже бұзу жиі тіркеледі екен.
«Жаяу жүргіншілерге жол бермеу де өте кең тараған. Бұл адам өміріне тікелей қауіп төндіреді. Кейде жүргізуші куәлігі жоқ адамдардың да көлік тізгіндеуі секілді өрескел құқықбұзушылық болып тұрады. Сонымен қатар көшелерімізде техникалық ақауы бар көлік көп. Мысалы, бір фарасы жанбайды, тежегіші істен шыққан, дөңгелегінде ақауы бар, т.б. Бұның бәрі – жүргізушінің жауапсыздығы. Өйткені ол көшедегі өзге көліктермен қатар, қарапайым тұрғындардың да өмірін қатерге тігеді», деді ол.
Біз полиция капитаны Ә.Мұталханмен бірге алдымен қаланың сол жағалауы мен оң жағалауын жалғап жатқан көлік ағыны көп көшенің бірі Тәуелсіздік даңғылын торуылдауға шықтық. Сағат шамамен 14.50 шамасында тәртіп сақшысы «Daewoo nexia» маркалы автокөлікті тоқтатты. Қырағы полицей оның ереже бұзып келе жатқанын көріп қалыпты. Сөйтсек, көліктің алдыңғы әйнегі шытынаған. Сол жерде жүргізушіге жол ережесін бұзғандығы және оның құқы мен міндеті түсіндіріліп, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 590-бабының 5-бөлігі бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ бұл ақауды тез арада жөндеп, алдағы уақытта жол жүру ережесін бұзбау жөнінде қосымша түсіндірме жұмысы жүргізілді.
«Полиция қызметкерлері халық арасында ағарту және түсіндіру жұмыстарын жиі өткіземіз. Мектептер мен автомектептерде дәрістер оқып, ереже бұзудың салдары жайында айтып келеміз. Әлеуметтік желіде бейнероликтер мен әлеуметтік жарнамалар тарату арқылы жасалып жатқан алдын алу шаралары өз алдына. Бірақ соған қарамастан, жол қауіпсіздігіне селқос қарайтын тұрғындар қатары аз емес. Кейбірі тіпті жол ережесін білмейді», дейді Ә.Мұталхан.
Көлік тізгіндеген елордалықтармен қатар жаяу жүргіншілердің де арагідік жол ережелерін белден басудан «кет әрі» емес екеніне рейд барысында көзіміз жете түсті. Мәселен, Қ.Сәтбаев көшесінің бойында автобустан түскен бірнеше адамның жолдың қарама-қарсы бетіндегі «Еуразия» сауда үйіне қарай белгіленбеген жерден кесіп өткенін байқап қалдық. Полиция капитаны Ә.Мұталхан дереу белгі беріп, әлгі азаматтарды тоқтатты. Сол арада оларға ереже бұзғандары түсіндіріліп, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 615-бабының 1-бөлігімен 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Осы орайда айта кетсек, полиция – халыққа тек айыппұл арқалатып, жазалайтын орган емес. Ол – бірінші кезекте қадағалаушы, адамдарды заңға бағынуға шақырушы, түсіндіруші, сондай-ақ заң мен тәртіп аясында үлгі көрсеткен жүргізушілер мен тұрғындарды марапаттаушы. Ә.Мұталханның айтуынша, тәртіп сақшылары кейде жол ережесін бұзбайтын жүргізушілерге алғыс білдіріп те тұрады екен.
«Полиция жолда үлгілі мінез көрсеткен жүргізушілерге алғысхат немесе естелік сыйлықтар береді. Бұл жағымды мотивация жолда жүру мәдениетін арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге патрульдік полиция жан-жақты жұмыс жүргізіп, жүргізушілердің сана-сезімін арттыруға және қауіпсіз орта қалыптастыруға күш салады», дейді ол.
«Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртібін қадағалап қана қоймай, жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да жұмыс атқарылады. Соның бірі – жаз мезгілінде елордалықтар көп қатынайтын Астана – Щучинск тасжолының төрт жеріне мамыр айында қауіпсіздікті арттыру үшін электронды табло орнатылды. Атап айтқанда, Шортанды, Ақкөл, Алакөл және Қаражар аудандарында бой көтерген таблолар жүргізушілерге жол қауіпсіздігі туралы ақпарат бермек.
«Экранда белдікті тағу, жылдамдық режімін сақтау, тайғақ жол, қолайсыз ауа райы, жол жөндеу жұмыстары және өзге де ықтимал қозғалыс шектеулері туралы маңызды хабарламалар беріліп отырады» делінген ІІМ таратқан ақпаратта.
Елордалық ПД патрульдік полиция полкінің взвод командирі Ә.Мұталханмен бірге өткізген рейд барысында ондаған көлік тоқтатылып, кейбіріне ереже бұзғаны үшін айыппұл салынса, бірқатарына ескерту берілді. Біз рейд нәтижесі бойынша мақала дайындап, газет беті қатталып жатқанда Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен жаңа хабар келді. «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы тағы да ұзартылыпты. Оның толық қорытындысы алдағы уақытта жарияланбақ.