Жастар • Бүгін, 12:14

Қазақстандық жастар Ташкентте өткен форумға қатысты

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылғы 16-18 маусым күндері Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының III Диаспора жастары форумы ұйымдастырылды. «Шекарасыз мұра: болашақты қалыптастыратын диаспораның жас көшбасшылары» атты форумға Қазақстаннан «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілдері де қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық жастар Ташкентте  өткен форумға қатысты

Форумның басты ұйымдастырушылары – Өзбекстан Республикасының Жастар ісі агенттігі және Мәдениет министрлігі жанындағы Ұлтаралық қатынастар және шетелдік елдермен достық байланыстар комитеті. Жиын аясында Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Венгрия, Франция және Германияда тұратын түркі диаспорасының жас көшбасшылары бас қосып, өзара тәжірибе алмасты.

Форумның 17 маусым күні өткен басты іс-шараларының бірі – «Шекарасыз мұра: болашақты қалыптастыратын диаспораның жас көшбасшылары» атты панельдік пікірталас сессиясы болды. Сессия Hilton Tashkent City қонақүйінде өтті.

Модераторлық еткен Өзбекстан Республикасының Ұлтаралық қатынастар және шетелдегі отандастармен байланыс жөніндегі комитеті департаментінің басшысы Алимардонов Отабек форумды ашып берді.

Сессияда Қазақстан атынан «Отандастар қоры» КеАҚ өкілі Алжан Шарипов сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында: «Өзбекстанда 1 миллионнан аса қазақ тұрады, ал Қазақстанда 600 мыңнан астам өзбек ұлты тұрады. Олар екі елді байланыстырушы алтын көпір. Елдеріміздің Түркі мемлекеттері ұйымы мен Орта Азия шеңберінде бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Делегат ретінде мен ТМҰ жас сарапшылар мектебін құруды ұсынамын. Түрлі саладағы жас эксперттер жаңа идеялар мен ұтымды шешімдер ұсыну арқылы мемлекетаралық байланыстың одан әрі дамуына себепкер болатынына сенімдімін»,  деді.

Сонымен қатар сессия барысында Түркі әлемінің түрлі елдерінен келген жас көшбасшылар өз елдерінің тәжірибесімен бөлісіп, диаспора жұмысының өзекті мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Түрікменстан және Венгриядан келген қатысушылар өз елдеріндегі жастар ұйымдарының жобалары жайлы ақпарат беріп, жаңа серіктестік бағыттарын ұсынды.

Бұл форум – түркітілдес елдердің жас көшбасшылары арасында ынтымақтастықты нығайтуға, ортақ мәдени мұраны сақтау мен дамыту жолдарын бірлесе қарастыруға бағытталған маңызды платформа болды. Форум соңында қатысушылардың бастамалары мен ұсыныстары негізінде бірқатар практикалық шешімдер қабылдануы жоспарлануда.