
Фото:ЖИ
Ауылдағы қоғамдық тәртіптің сақталуына жергілікті ақсақалдар кеңесі белсенді үлес қосып келеді. Атап айтқанда, ауыл ақсақалы Еркебай Байжігітов көп жылдан бері қоғамдық мәселелерге белсене араласып, жастарға үлгі көрсетіп келеді. Ол еңбек жолын осы ауылда бастап, түрлі салада жұмыс істеген тәжірибелі азамат. Бүгінде қоғамдық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосып отыр.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді атсалысып, көпке үлгі көрсеткені үшін Еркебай Байжігітовке ресми түрде Алғыс жарияланған. Бұл марапат – ауыл қауымдастығының үлкен құрметінің және азаматтық белсенділіктің дәлелі.
Өмір бойы ауылда еңбек еткен Еркебай Байжігітов автомеханик, жүргізуші, бригадир, кейіннен «Шуйское ХХІ» ЖШС-нің мал шаруашылығы бөлімінде ұзақ жылдар еңбек еткен. Бүгінде ол ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде ел ішіндегі тәртіп пен бірліктің сақталуына өзіндік үлесін қосып келеді.
«Мен бұл ауылда туып-өстім, өмірім осы жермен тығыз байланысты. Ауылдың тыныштығы – әрбір тұрғынның жауапкершілігіне байланысты. Әр үйде сыйластық болса, қоғамда да тәртіп болады. Заңды құрметтеп, елге адал еңбек ету – әр азаматтың борышы», дейді Еркебай ақсақал.
Шуйское ауылы бүгінде өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан елді мекендердің бірі. Ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы қатар дамып, тұрғындар өз еңбегімен күн көріп отыр. Бірақ бұл жетістік тек экономикалық даму арқылы емес, тұрғындардың құқықтық санасының жоғары болуымен де байланысты. Себебі бұл бағытта ауыл тұрғындары мен учаскелік полиция инспекторы Багдат Утеуов арасында тығыз әріптестік орнаған.
Мұнда құқық бұзушылықтың алдын алу тек полицияның міндеті емес. Әрбір азамат бұл іске өз үлесін қосып, бейбіт өмірдің сақталуына жауапты екенін жақсы түсінеді. Шуйское ауылы қоғамдық тәртіпті сақтау ортақ жауапкершілік екенін іспен дәлелдеген аймақтардың бірі.