Аймақтар • Бүгін, 17:17

Риддерде заманауи емхана салынып жатыр

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Риддер қаласында тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған жаңа көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоба аяқталған соң, ол қала мен оған іргелес орналасқан бірнеше ауылдық округтердің халқына заманауи стационарлық және амбулаториялық-емханалық қызмет көрсететін негізгі медициналық орталыққа айналады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Риддерде заманауи емхана салынып жатыр

Фото: ШҚО әкімдігі

ШҚО әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі таңда қызмет атқарып тұрған Риддер қалалық ауруханасы – елді мекендегі бірден-бір көпсалалы медициналық мекеме. Ол тек қала тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар Поперечное, Пригородное, Коноваловка, Ливино, Ульбастрой және Лесхоз ауылдық округтерінің халқына да медициналық көмек көрсетіп келеді. Алайда, бұл мекеменің негізгі ғимараты мен педиатриялық бөлімшесі өткен ғасырдың 30–50-жылдары салынған және қазіргі заманғы стандарттарға мүлдем сай келмейді.

Өңірдің моноқала мәртебесі, демографиялық жүктеменің жоғары болуы және жүрек-қан тамырлары ауруларының кең таралуы жаңа аурухана қажеттілігін өзекті еткен. 2017 жылы тұрғындардан түскен өтініштер мен тиісті органдардың талдауы негізінде жаңа медициналық кешен салу туралы шешім қабылданған.

«Жобада 200 орындық стационар мен ауысымына 500 адам қабылдайтын емханасы бар заманауи медициналық инфрақұрылымды құру көзделген. Жобаны іске асыру 2021 жылғы желтоқсанда басталды. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны – 34,8 млрд теңге, оның ішінде 11,8 млрд теңге заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған. 2024 жылы жобаға арнайы мемлекеттік қордан қосымша 28,1 млрд теңге бөлінді», делінген хабарламада.

Кешеннің жалпы аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын үш негізгі ғимаратты қамтиды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі төмендегідей:

  • Емхана – 85% (қалқа мен қасбеті аяқталған, ішкі әрлеу жұмыстары, санитарлық-техникалық жабдықтарды орнату, кіреберіс аймағын абаттандыру аяқталуға жақын);
  • Стационар – 40% (Б блогы – 3 қабат – толық аяқталған, А блогында (5 қабат) – жұмыстардың 60%-ы орындалды; монолитті жұмыстар, сыртқы қабырғаларды қалау, ішкі қабырғаларды орнату, әрлеу және қасбеттік жұмыстар жалғасуда);
  • Тамақтану блогының дайындық деңгейі – 92%.

Құрылыс жұмыстарына 258 маман тартылған. Барлық жұмыстарды аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

«Риддер қаласындағы жаңа көпсалалы аурухана кешенінің салынуы – денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті сын-қатерлерге жауап қана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жүйелі жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл жоба медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласын ұзақ мерзімді тұрақты дамытуға септігін тигізеді», делінген хабарламада.