Медицина • Бүгін, 18:12

Отандық кардиологиялық медицинаның жаңа серпілісі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында «Қалқамандағы аурухана» деген атаумен танымал №7 қалалық клиникалық ауруханасында медицинаның озық жетістігі саналатын электродсыз кардиостимулятор салына бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық кардиологиялық медицинаның жаңа серпілісі

ҚР ДСМ штаттан тыс бас аритмологы Аян Әбдірахмановтың жетекшілігімен «Ресинхронизациялық терапия және электродсыз кардиостимулятор имплантациясын қолданумен созылмалы жүрек кемістігін емдеудің заманауи тәсілдері» тақырыбында шеберлік дәрісі өтті.

Шеберлік сағатына шамамен 51-57 жастағы пациенттер қатысты. Бұл пациенттердің басым көпшілігі жүрек қызметінің жетіспеушілігі мен өмірге қауіп төндіретін жүрек ырғағының бұзылуынан зардап шекті. Барлық пациенттерге заманауи құрылғылар сәтті орнатылды. Барлық операциялар еліміздегі сәтті жұмыс істейтін МӘМС жүйесі шеңберінде тегін жасалды.

Имплантацияланған бірегей электродсыз кардиостимулятор адам өміріне қауіп-қатерді азайтып, өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

«Дәстүрлі кардиостимуляторларға қарағанда, бұл құрылғы электродтарды жүрекке тамырлар арқылы қосуды талап етпейді және терінің астына орналастырылмайды. Бұл қондырғы сан тамырлары арқылы жүректің оң жақ қарыншасының қуысына тікелей орнатылады және пациент оны сезбейді. Бұрын пациентке терінің астына орнатылған «қондырғы» сезілетін, қазіргі имплантат тіпті байқалмайды, дейді интервенциялық хирургия және аритмология бөлімшесінің меңгеруші С.М.Анартаев.

«Жаңа құрылғының басты артықшылығы қашықтан мониторинг жүргізе алады. Құрылғыны орнату мобильді қосымшамен үндестіріледі, оның көмегімен емдеуші дәрігер нақты уақыт режимінде пациенттің жағдайын қадағалайды, дабыл белгілерін көреді және кенеттен асқыну болған жағдайда шұғыл әрекет етеді. Бұл тек жай ғана ыңғайлы технология емес – ол адам өмірін құтқарушы құрал. Бұрын пациенттер өздеріннің жағдайдың нашарлауын байқамаса, бүгін дәрігер пациенттегі өзгерістерді бірден байқайды. Бұл теория жүзінде ғана емес, бұл практикаға енгізіліп отырған жүйе. Біздің мақсатымыз - жай ғана операция жасаумен шектеліп қалмай, пациентті диагностикадан бастап, толық бақылау циклімен қамтамасыз ету», деді аритмолог-дәрігер Қанат Ерешев.

Шеберлік дәрісіне Дубай кардиологиялық қондырғыны шығаратын халықаралық компанияның өкілдері қатысты. Компания өкілдері бағдарламалық қамтамасыз етумен жұмыс істеу бойынша техникалық тренинг өткізді.

Созылмалы жүрек-қан тамырлары аурулары біздің елімізде ғана емес, әлемнің барлық елдерінде әлі де өлім-жітімнің негізгі факторының бірі болып отыр. Дегенмен, озық медициналық технологияларды енгізу өлім-жітім көрсеткішінің төмендете алады.