Оқиға • Бүгін, 11:35

242 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елімізде 45,2 мың отбасына, яғни 242,4 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Бұл мақсатқа 13,4 миллиард теңге бөлінген. Жалпы 2025 жылға АӘК төлемдерін қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 132,9 миллиард теңге қарастырылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

242 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді

Фото: Ерлан Омар

АӘК аясында көрсетілетін қолдау бірнеше бағытты қамтиды:

  • Табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындалады;
  • Аз қамтылған отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайын қосымша төлем төленеді. Биыл 1 маусымдағы мәлімет бойынша, мұндай қосымша төлем 74,5 мың балаға тағайындалып, оның жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгені құрады; 
  • Жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін гранттар беру, кәсіби даярлық пен біліктілікті арттыру курстарына жолдау секілді жұмыспен қамтудың белсенді шаралары қарастырылған.

АӘК тағайындауға  өтінішті тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарында, ауыл округінің әкімдері арқылы, сондай-ақ электрондық үкімет порталы — egov.kz арқылы онлайн түрде бере алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35%-ы деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен емес мөлшерде есептеледі.