
Фото: Ашық дереккөз
Оның айтуынша, балабақшаға бірнеше ана бейнежазбаны көру үшін келген. Олар бастапқыда балалардың бір-біріне қатыгездік көрсетіп жатқанын білгісі келген. Алайда жазбаны көрген кезде тәрбиешінің бүлдіршіндерге дөрекі әрекеттер жасағанын анықтаған.
«Камера жазбаларынан 2022 жылы туған балаларға тәрбиеші тарапынан қатыгездікпен қарау фактілері анықталды. Бұл балалардың көпшілігі жастарына байланысты әлі сөйлей алмайды», деді Сәуле Шәкенова.
Ата-аналар дереу полиция мен білім бөлімі өкілдерін шақырған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері бейнежазбаларды сақтайтын құрылғыны (ресивер) тәркілеп, қылмыстық іс қозғаған
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ата-аналармен бірге Павлодардың Оңтүстік полиция бөліміне барып, олардың арыз-шағымдары мен түсініктемелерін тіркегенін жеткізген. Балаларға сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сонымен қатар, тәрбиеші мен балабақша меңгерушісінен жауап алынған.
Балабақша әкімшілігінің мәліметінше, тәрбиеші бұл мекемеде шамамен бір жылдан бері жұмыс істейді, жалпы еңбек өтілі — 10 жылдан асады. Қалалық білім бөлімі тарапынан ішкі қызметтік тексеріс басталып, балабақша басшылығына қатысты да шара қолданылатыны хабарланды.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде тараған кадрлардан тәрбиешінің бүлдіршіндерді итеріп, шаштарынан тартқаны және еденге лақтырғаны анық көрінеді.