
Qatar Airways әуе компаниясы сәрсенбі күні ресми мәлімдеме жариялап, 23 маусым, дүйсенбі күні Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың ушығуына байланысты Қатар аумағындағы әуе кеңістігінің уақытша жабылғанын және рейстер кестесі қалпына келтіріліп жатқанын хабарлады.
Мәлімдемеге сәйкес, рейстердегі кідірістер 26 маусымды қоса алғанда сақталуы мүмкін.
Туындаған жағдайды реттеу мақсатында компания 2025 жылғы 30 маусымға дейінгі ұшу күні көрсетілген билеттері бар жолаушыларға келесі мүмкіндіктерді ұсынады:
— Сапар күнін айыппұлсыз өзгерту (жаңа ұшу күні 2025 жылғы 15 шілдеге дейінгі аралықта болса);
— Сапардан бас тартқан жағдайда пайдаланылмаған билеттің толық құнын қайтару.
Qatar Airways мәлімдемесінде компания қызметкерлері жолаушыларға жан-жақты көмек көрсету үшін толық режимде жұмыс істеп жатқаны атап өтілді.
Қазіргі таңда әуе компания 170-тен астам бағытты қамтитын әуе желісін кезең-кезеңімен қалпына келтіріп жатыр. Дохадағы Хамад халықаралық әуежайында және өзге де маңызды хабтарда қосымша персонал жұмылдырылып, жолаушыларға көмек көрсетіліп жатыр.
«Біз жолаушыларымыздың сабыры, түсіністігі мен сенімі үшін алғыс айтамыз. Біздің басты міндетіміз — жолаушылардың діттеген жеріне мүмкіндігінше кешікпей жетуін қамтамасыз ету», делінген компанияның ресми үндеуінде.
Айта кетейік, бүгін, сәрсенбі күні қазақстандық авиакомпаниялар Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатардан жолаушыларды эвакуациялай бастады. Air Astana Таяу Шығыс бағытындағы рейстерді қайта жандандырып жатыр.
Еске салайық, 23 маусым күні Иран Қатардағы «Әл-Удейд» америкалық әскери базасына зымыран соққысын жасады.