
Бағдарлама шеңберінде қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін көрсетіліп келеді. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің және медициналық көмектің тең қолжетімділігінің нақты көрінісі. Жалпы өңірде ана мен бала денсаулығын сақтау басты әлеуметтік басымдықтардың бірі. Бұл бағытта өңірде кешенді шаралар жүзеге асырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің айтуынша, соңғы екі жылда ана мен бала өлімінің көрсеткіштері тұрақты түрде төмендеген. Бұл оң динамика профилактикалық скрининг, перинаталдық көмек және кадр дайындығы жүйесіндегі сапалы өзгерістердің нәтижесі. Бүгінде өңірде пренаталдық скринингпен қамту деңгейі 88%-ға жеткен. Бұл мақсатта 47 УДЗ маманы оқытылып, оның 12-сі Ұлыбританиядағы Fetal Medicine Foundation сертификатына ие болған. Осы шаралардың нәтижесінде туа біткен даму ақауларының ерте диагностикасы 4%-ға артқан.
Айта кетелік, халқы бүгінде 2,2 миллионнан асатын облыста репродуктивті жастағы әйелдер саны – 433 мыңнан астам, ал 18 жасқа дейінгі балалар – 900 мыңға жуық. Жыл сайын орта есеппен 54 мыңға жуық сәби дүниеге келеді.