Жасанды интеллект • Кеше

Елімізде ЖИ саласын реттейтін заң жобасы әзірленіп жатыр

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде жасанды интеллект (ЖИ) технологиясын дамыту бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев БАҚ-қа берген сұхбатында нормативтік база, этикалық қағидаттар және отандық ЖИ модельдерінің сапасы жөнінде ой қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде ЖИ саласын реттейтін заң жобасы әзірленіп жатыр

Министрдің айтуынша, елімізде ЖИ саласын дамыту үшін алдымен тиісті нормативтік-құқықтық база мен этикалық қағидаттар қалыптастыру қажет. Осы орайда 2025 жылға арналған ұлттық стандарттау жоспарына сәйкес, алғашқы техникалық стандарттар енгізілді.

«Атап айтқанда, бұл стандарттар ЖИ-дің базалық терминологиясын, тәуекелдерді басқару жүйесін, білім инженериясын және архитектуралық негіздерін қамтиды», деді Жаслан Мәдиев.

Министрдің айтуынша, ерекше назар ұғымдық негіздер мен терминологияны нақтылауға арналған стандартқа аударылып отыр. Бұл құжаттар 2025 жылдың соңына дейін бекітілуі тиіс.

Сонымен қатар, ЖИ туралы заң жобасы да әзірленіп, қазіргі таңда Мәжілісте қаралып жатыр. Бұл құжат саладағы негізгі ережелерді бекітеді.

«Заң жобасында ашықтық, әділеттілік, қорғалу, адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық берілген. Сонымен бірге, жеке деректер мен құпия ақпаратты қорғау мәселесі де қамтылған», деді министр.

Министр бұл заңның шектеу емес, керісінше инновацияны дамыту, инвестиция тарту және ЖИ технологиясын экономиканың түрлі салаларына енгізуге бағытталғанын атап өтті.

КazLLM – отандық жасанды интеллект негізі

Сұхбат барысында министр отандық ЖИ технологиялары туралы да тоқталды. КazLLM – Қазақстанда жасалған алғашқы ірі ұлттық тілдік модель болып саналады. Оның құрылымы 148 млрд токеннен тұрады және ол қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін қамтиды.

«КazLLM – қазақ тіліне бейімделген мәтін өңдеу, чат-бот, аударма және аналитикалық платформалар жасауға арналған қуатты негіз. Бұл модель елдің IT экожүйесін нығайтып, шетелдік баламаларға тәуелділікті азайтады», дейді Жаслан Мәдиев.

Сондай-ақ, SHERKALA, AlemLLM атты тағы екі үлкен тілдік модельдің де жасалғаны айтылды. Олар да қазақ тілін қолдайды және халықаралық стандарттарға сай.

Министрдің айтуынша, алғашқы техникалық бағалау нәтижелері бойынша, бұл үш модель қазақ тіліндегі мәтін генерациясында шетелдік LLaMA мен ChatGPT-ден кем емес, кей жағдайда сапасы жоғары екенін көрсетті.

Модельдер жақын арада нарыққа ұсынылады. Олар стартаптарға, бизнес секторға, ЖОО-ларға және қарапайым азаматтарға қолжетімді болады.