Өнер • Бүгін, 08:45

Театр сахнасында – оқушылар

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Талдықорған төрінде алғаш рет мектеп оқушылары арасында «Театр – тәрбие бастауы» атты облыстық театр фестивалі өтті. Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған тың бастама. Аудандардан келген үздік өнер ұжымдары, қоғамдағы өзекті тақырыптарды сахналады.

Театр сахнасында – оқушылар

Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек

Адам баласының рухани әлемі жаңбыр тілеген көктемгі ас­пан­дай кейде мүлгіп, шөлдеп тұратыны рас. Сондай сәттерде жанға шипа, жүрекке медет болар жалғыз ғана мекен бар – ол театр. Себебі театр – тірі өнер. Ол – адамның ішкі әлемін сөзбен де, сезіммен де тербететін шын­дықтың сахнасы, өмірдің бояуын боямасыз беретін айнасы. Осы киелі өнердің тәрбиелік қуатын жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында Жетісу өлкесінде тұңғыш рет мектепішілік театр­лар арасында бай­қау ұйым­дастырылып, үш күн бойы Талдықорған қала­сы өнер мен шабыттың ордасына ай­нал­ды. Бұл байқау – өнер ар­қы­лы тәрбие берудің, жас сана­­ны оятудың, рухани құн­ды­­лық­­тар­­­ды дарыту­дың озық үлгісі.

Облыстың түкпір-түкпірі­нен келген 50 мектептің театр ұжым­ы өзара сайысқа түсіп, өзектілігі жоғары бес тақы­­­рып аясында қойылым ұсынды. «На­ша­қорлық», «Жасөс­пірім­дер буллингі», «Ұстазын ұлықтаған ұрпақ үні», «Ата-ана, оқушы, ұстаз», «Менің арманым» сынды тақырыптарда сахнаға шыққан жас актерлер көрерменге терең ой тастай алды. Өнерпаз өрендер сахна тілі мен актерлік шеберлікті кәсіби деңгейде игергенін көрсет­ті. Байқаудың қазылар алқасы құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы мен халық әртісі Алмахан Кенжебекова сынды ­театр тарландары болды.

«Оқушылар театры – жай сахна емес, ол – баланың ішкі жан дүниесін түлететін, қиялына қанат бітіретін, жүрегіндегі шырақты маздататын ерекше алаң. Мұнда бала тек рөл ойнап қоймайды, өмірді түсініп, өзін тануға, адам болмысына үңілуге машықтанады. Бұл – тәрбиенің ең нәзік, ең әсерлі түрі», деді А.Кенжебекова.

Байқауға қатысушылар көр­кемдік, техникалық тұрғыдан да даярлықпен келген. «Театр Time» үйірмесінің жетекшісі Жанар Бейсенбаеваның айтуынша, бұл байқауға оқушылар 2 ай көлемінде дайындалған.

«Сценарий – менің ұстаз ретіндегі ішкі толғанысымнан туған дүние. Оқушым Қуаныш­пен бірге заманауи ұстаз бейнесін жасауға тырыстық. Қойылымда тек актерлер емес, костюмер, гример, мобилограф сынды шығармашылық топ та еңбек етті. Бұл – барлығымыздың ортақ жеңісіміз», дейді ол.

Кейіпкерлер арқылы сахна төрінде отбасы құндылығы, достықтың мәні, ұстазға деген құрмет пен отансүйгіштік рух көркем тілмен жеткізілді. Оқушылар жай ғана көрініс көрсетіп қойған жоқ, олар өз ойларын, азаматтық ұстанымдарын ашық айтып, сахна арқылы қоғаммен сұхбат құрды.

Фестивальдің соңғы күнінде өткен салтанатты марапаттау кеші нағыз өнер мерекесіне айналды. Көрермен залын тол­тыр­­ған ата-аналар, ұстаз­дар мен қонақтар жас сахнагерлер­дің шебер­лігіне тәнті болды. Кешке облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев арнайы қатысып, қатысушыларға жүрекжарды лебізін білдірді.

«Театр – ұлт рухының айнасы, рухани жаңғырудың негізгі діңгегі. Осындай бастамалар – жас буынның болашақта саналы азамат болып қалыптасуына үлкен серпін береді. Бұл байқау тек өнер сайысы емес, жас буынды тәрбиелеудің, олардың ой-санасын оятудың үлкен құралына айналды. Әр қойылымда бүгінгі қоғамның күрделі мәселелері – жасөспірімдердің ішкі күйзелісі, отба­сы мен мектеп арасындағы бай­­ла­ныс, ұстазға құрмет, ұлт­тық арман мен болашаққа сенім терең бейнеленді», деді М.Көлбаев.

Оның айтуынша, жастарды рухани қолдауға бағытталған ­жобалар жалғасады. Келер жылы бұл байқаудың ауқымы кеңейіп, дәс­түрлі шараға айналады. Бай­қау барысында үздік шыққан оқу­шылар мен театр ұжымдары қар­жылай сыйлықтарға ие болды. Тіпті «Үздік жас актриса» «Үз­дік жас актер», «Үздік сах­налық кос­тюм», «Үздік жас ре­жиссер», «Үздік декорация» секіл­ді аталым иегерлеріне де ақша­лай сертификат табыс­талды.

Театр арқылы бала өз болмысын таниды, өмірді бағалауды үйренеді. Жетісу жеріндегі бұл игі бастама алдағы уақытта елі­міздің өзге өңірлеріне де үлгі болып, ұлттық өнердің жаңа көкжиегін ашады деген сенім мол. Сахна – шындықтың айнасы. Сол айнаға қарап өскен ұрпақ ертеңгі елдің еңсесін көтерер азаматтары болмақ. Оқушылардың театрға деген қызығушылығы мен белсенділігі байқаудың ­табысты өткенін дәлелдеді.

 

Жетісу облысы