Айбын • Бүгін, 09:00

Өскелең ұрпақты отаншылдыққа баулитын жиын

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысына келіп, «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты.

Өскелең ұрпақты отаншылдыққа баулитын жиын

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Президент алдымен Ақтөбе қала­сында Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойып, оның рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Биыл қазақтың қайсар қызының туғанына 100 жыл толып отыр.

Мемлекет басшысы Әлия Мол­дағұлованың ескерткіші жанында жергілікті жұртшылықпен кездесіп, сөз сөйледі.

– Әлия Молдағұлова – халқымыздың қайсар қызы. Бүгін 100 жылдығына орай арнайы келдім. Бұл, ең алдымен, аза­маттық борышым. Тағзым ету үшін келіп отырмын. Баршаңызға көп рахмет. Әлияның есімін халқымыздың арасында, шетелде кең ауқымда дәріптеуіміз керек. Ол – біздің мақтанышымыз. Сондықтан оның есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент қазіргі алмағайып заманда бірлікті, татулықты сақтау өте маңызды екеніне назар аударды.

Содан соң Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу рәсіміне қатысты.

Биыл Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери-патриоттық қозғалыстарына мүше 800-ге жуық жастың басын қосқан іс-шара Ақтөбе облысында ұйымдастырылды. Слет қос атаулы датаға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналады.

айбын

Қасым-Жомарт Тоқаев барша қатысушыны «Айбын» әскери-па­т­риот­тық жастар жиынының ашылуымен құттықтап, бұл жас өрендеріміздің рухын шыңдайтын өте маңызды іс-шара екеніне назар аударды.

– Биыл «Айбын» жиыны қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналып отыр. Ержүрек мерген қыздың ерлігі халқымыздың және достас елдердің тарихына алтын әріппен жазылған. Қазақтың қаршадай қызы соғысқа аттанып, бірден қан майданның ортасына түсті. Ол сұрапыл шайқастарда теңдессіз ерлік пен Отан алдындағы парызға адалдық үлгісін көрсетті. Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Бұл – біздің елдерімізге ортақ тарихи мереке. Ұлы Жеңіс күнін атап өту – батыр бабалардың рухына тағзым ету, олардың ерлігін жадымызда жаңғырту деген сөз. Қазақстан үшін мұның мән-мағынасы айрықша. Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты, азаттық пен әділдік үшін аянбай күресті. Қазақстаннан 1 миллион 200 мың азамат майданға аттанды, оның тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Мыңдаған адам далада, зауыттар мен фабрикаларда еңбек етіп, майданға азық-түлік, қару-жарақ және оқ-дәрі жіберді. Біз даңқты ерлеріміз бен тыл еңбеккерлерін ешқашан ұмытпаймыз, олардың есімін мәңгі есте сақтаймыз. Батырларымыз жер-жаһандағы бейбітшілік пен тыныштық үшін аса ауыр сынақтарды еңсерді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазіргі құбылмалы, бұлыңғыр заманда біз осы тарихи ақиқатқа адал болуымыз керек, зұлмат соғыстың қасіретті сабағын ұмытпауымыз қажет.

– Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілегенін көріп отырсыздар. Қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқарады. Бүгінгі жарыстар біздің шетелдермен көпжақты байланыстарымызды кеңейтуге үлес қосады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әскер қатарында болу абыройлы міндет екенін атап өтіп, еліміз өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне баса мән беретінін жеткізді.

Әлия

– Қуатты Армия – тәуелсіздік тірегі, қар­қынды даму кепілі. Бүгін сапта тұрған сар­баздар – нағыз отаншыл, батыл, мықты аза­мат­тар. Қазақстан Армиясының келе­шегі сіздердің қолдарыңызда! Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құратын да – Сіздер. Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін! Алдағы күндері сіздердің қаншалықты күшті әрі епті екен­деріңіз сыналады. Әскери қызметтің қан­дай болатынын сезініп, заманауи армия­ның озық технологияларымен танысасыздар. Нағыз жауынгер табанды еңбек, қатаң тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізетінін біледі. Тактикалық ойындар кезінде сіздерге батылдық пен шешімталдық қажет болады. Коман­дамен ұйымдаса әрекет ету, бір-біріңе көмек­тесу талап етіледі. Бүгін осы жиында Қазақ­станның намысын «Жас сарбаз» әскери-пат­риоттық қозғалысының ең үздік мү­ше­лері қорғайды. Жастарымыз жарыс­қа лайықты деңгейде қатысып қана қой­май, өздерін осы елдің қонақжай әрі кең­пейіл иесі ретінде көрсететініне сенім­дімін. Осы жиыннан жаңа дағды үйреніп, адал дос тауып, керемет әсермен ора­лу­­­лары­ңызға тілектеспін. Баршаңызға сәтті­лік тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын аясында балалар мен жасөспі­рімдер «Айбын дарыны» интелектуалдық ойынына, «Smart Sarbaz» технологиялық конкурсына және «Айбын» жұлдызы шығармашылық сайысына қатысады. Пневматикалық мылтықтан ату, Калаш­ников автоматын шашып, қайта жи­наудан жарысады. Сондай-ақ бағдарла­мада спорттық сайыстар, «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны бар. Кешқұрым жастар алау басында патриоттық әндер орындайды.

Ресми ашылу салтанатынан кейін Мемлекет басшысына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов FPV-дрон операторларын даярлайтын инновациялық оқу-жаттығу кешені мен ұшқыштарға арналған заманауи жаттығу симуляторларын таныстырды.

Одан кейін Президент «Smart sarbaz» жас робот техниктері үйірмесі­нің жұмысымен танысты. Сондай-ақ балалардың «Жас сарбаз» әскери-патриоттық үрмелі аспаптар оркес­терінің орындауындағы музыкалық шығарманы тыңдады.