
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 14 мамырдағы аймаққа жұмыс сапарында Үкімет пен облыс әкімдігіне «Көкарал» бөгетін қалпына келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осыған байланысты «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Жалпы құны 4,5 млрд теңге болатын жоба бойынша тапсырыс беруші – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, мердігері – «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы.
2022-2026 жылдар аралығын қамтитын жоба аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен қаржыландырылып келеді. Жөндеу барысында зақымдалған бөгет қалпына келтіріліп, «Қарашалаң» көлі арқылы теңізге екі арна және «Тұщы» көлі арқылы бір арна қазу жоспарланған. Бұл Кіші Арал теңізінің оңтүстік бөлігінде тұрақты су айналымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аталған ірі экологиялық жоба Арал өңірінің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруге, су ресурстарын тиімді пайдалануға және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталып отыр.